РФ қорғаныс министрлігінің қателігі: Әзербайжан ұшақ апаты туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Әзербайжан Ақтау маңында AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырауына байланысты өз ұстанымын берік әрі принципті түрде сақтап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бұл трагедияға берілетін баға өзгермегенін атап өтті. Ресми Баку ұшақтың апатқа ұшырауына Ресей әскери құрылымдарының қателігі себеп болған деп санайды. Сондай-ақ Әзербайжан тарапы Мәскеу 2025 жылдың қазан айында Ресей президенті Владимир Путин берген уәделерін орындайды деп күтеді.

— Ұшақ Ресей Қорғаныс министрлігінің жіберген қатесі салдарынан атып түсірілді. Біз Ресей тарапы болған оқиғаға құқықтық баға беріп, барлық қажетті шараларды қабылдап, өтемақы төлеуі тиіс деп есептейміз, — деді Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов.

Ресми Баку апаттың себептері толық әрі ашық тергеліп, жауапты тұлғалар анықталуы қажет екенін тағы да мәлімдеді.

АҚТАУДАҒЫ ӘУЕ АПАТЫ

2024 жылдың 25 желтоқсанында Әзербайжан әуе компаниясы AZAL-дың Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам болған: 37-сі Әзербайжан азаматы, 16-сы Ресейден, 6-ы Қазақстаннан, 3-і Қырғызстаннан. Қайғылы оқиғада 38 адам қаза тапты, олардың ішінде үш экипаж мүшесі, екі ұшқыш бар.