Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін билік қаза тапқандар санының артқанын хабарлап, зардап шеккендер туралы деректерді нақтылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны жеті адамға жетті. Бұл туралы 27 ақпанда Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қаза тапқандар туралы жаңа мәліметтер
Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, қаза болғандардың арасында 16 жастағы қыз бар. Қазіргі таңда Щучинск қаласының стационарында әртүрлі деңгейдегі күйік алған 13 адам ем қабылдап жатыр. Тағы алты адам тексеруден кейін амбулаторлық ем алуға жіберілген.
Медициналық көмек
Денсаулық сақтау басқармасы желісі бойынша қосымша медициналық бригадалар жедел түрде жасақталды. Жұмысқа бейінді мамандар тартылып, дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етілді, санитарлық авиация іске қосылды.
- Щучинск қаласының стационарына әртүрлі деңгейдегі күйікпен 13 науқас жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың алтауы Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындалып жатыр. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медицина қызметкерлері тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова.
Штабтың жұмысы
Оқиға болған жерде облыстық жедел штаб жұмысты жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталуда. Әкімдік өкілдері қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Өңір тұрғындарына тек ресми ақпаратқа ғана сүйену жөнінде ескерту жасалды.