Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етеді

Сырым Қаржас
EAST NEWS

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

1 наурыздан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі ротациялық төрағалық АҚШ-қа өтеді. Ал 2 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысын алғаш рет АҚШ-тың қазіргі президентінің жұбайы — Мелания Трамп басқарады. Бұл туралы X әлеуметтік желісінде АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц мәлімдеді.

- Мелания Трамп АҚШ-тың бірінші ханымы ретінде Қауіпсіздік кеңесіне алғаш рет төрағалық етеді — әрі бұл Американың кеңестегі төрағалығының алғашқы күні болады. БҰҰ-ны қайтадан ұлы етейік!, — деп жазды ол.

Қандай тақырып қозғалады

Бірінші ханымның кеңсесі оның баяндамасы «Қақтығыс жағдайындағы балалар, технология және білім» тақырыбына арналатынын нақтылады. Негізгі назар білімнің төзімділікті қалыптастыру мен бейбітшілікті нығайтудағы рөліне аударылмақ. Бұған дейін Мелания Трамп соғыс барысында Ресейге әкетілген украиналық балаларды елге қайтару мәселесін бірнеше рет көтерген.

Тарихи жағдай

БҰҰ мәліметінше, бұл — 15 мемлекеттен тұратын Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қызметтегі мемлекет басшысының жұбайы алғаш рет төрағалық ететін жағдай. Әдетте мұндай отырыстарды сол кезеңде төрағалық етуші елдің елшісі немесе жоғары лауазымды үкімет өкілі жүргізеді. Британдық The Guardian басылымы АҚШ тарихында бірінші ханымдардың халықаралық қызметке белсенді араласқан мысалы барын еске салды: Элеонора Рузвельт Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы жобасын әзірлеуге қатысқан.

Трамптың БҰҰ-ға көзқарасы

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі алғашқы мерзімінен бастап БҰҰ-ны ашық сынға алып, ұйымды тиімсіз әрі реформаны қажет етеді деп келген. Reuters дерегінше, АҚШ-тың БҰҰ бюджетіне қомақты жарна бойынша қарызы бар.

Ал БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик бірінші ханымның қатысуы АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесінің жұмысына қаншалықты мән беретінін көрсететінін айтты.