Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағасының күрт өскені байқалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ақорда кулуарында Үкіметтің азық-түлік бағасын қалай ұстап отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы айларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бар болғаны 0,8 пайыздық тармаққа ғана өскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш.
Министр мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінің 19-дан 31 атауға дейін кеңеюі маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Дегенмен бұл шешімді сауда желілері, әсіресе «үй маңындағы дүкендер» қатты сынға алып отыр. Олардың айтуынша, тізім кеңейгеннен кейін кейбір өнімдерді сату тиімсіз болып қалған. Әңгіме жылыжай көкөністері мен ірімшіктер сөз болып отыр. Ал министрлік бұл уәжбен келіспейді.
— Өндіруші тауарын сата алмай қалады деген тезис жұмыс істемейді. Біз тек сауда үстемесін реттеп отырмыз. Мысалы, өндіруші өнімді 400 теңгеден әкелсе, сауда желісі оған 15 пайыздан артық үстеме қоя алмайды. Шыны керек, сауда желілеріне ірімшік сату ыңғайсыз болып қалды. Бұрын кейбір тауарларға 70 пайызға дейін үстеме қосатын. Бірақ біз бұл шараның уақытша екенін және алыпсатарлықты болдырмауға бағытталғанын келістік, — деп түсіндірді Шаққалиев.
ИНФЛЯЦИЯ
Министр кеңейтілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін сақтау туралы шешім 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қабылдануы мүмкін екенін айтты. Бұл бағаның жаңа өсіміне әкелмей ме деген сұраққа ол былай жауап берді:
— Бағаны белгіленген дәлізде ұстау үшін біз бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі — ішкі нарықты тауармен толықтыру. Кешенді жоспар қабылданды, «Бәйтерек» арқылы қомақты қаржы бөлініп, әсіресе азық-түлік бойынша негізгі позицияларды жабуға кірістік. Екіншісі — сақтау жүйесін толық талдадық: қай жерде «жеткіліксіз тұстар» бар екенін анықтадық, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қоймалардағы қалдықты көру үшін бейнебақылау енгізуді міндеттедік, — деді министр.
Сонымен қатар, импортқа тәуелді, бағаға сезімтал өнімдер үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, министрлік елдегі 800 ірі көтерме саудагердің қосылған құн тізбегін тексеріп жатыр. Министрліктің үмітіне сенсек, осы шаралардың барлығы кешенді түрде азық-түлік бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді.