Алматы жұртшылығы Михаил Шайдоровты қарсы алды

Сырым Қаржас
Алматы әкімдігі

Бүгін Алматы әуежайында 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Олимпиада чемпионын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, қалалық Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы, сондай-ақ спортшының туған-туыстары, достары, жанкүйерлері мен қала тұрғындары қарсы алды.

Спортшының терминал залына келуі жиналған көпшіліктің ерекше қуанышы мен зор қошеметіне ұласты. Алматылықтар ел спортының тарихына жаңа белес қосқан өз батырын ыстық ықыласпен қарсы алды.

Қала әкімінің орынбасары чемпионға және жиналған қауымға арнаған сөзінде Алматы жұртшылығы өз спортшысымен мақтанатынын және оның жеңісіне әрдайым сенім артқанын атап өтті.

— Михаил Олимпиада ғана емес, ел спортының тарихында өз есімін қалдырып, бүкіл әлемге Алматының чемпиондар түлеткен қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның жетістігі жас ұрпаққа үлкен үлгі болып, мыңдаған жасөспірімге өз күшіне сенуге, арманына ұмтылып, туған қаласы мен елінің абыройын асқақтатуға жол ашады, — деді әкім орынбасары.

Өз кезегінде Михаил Шайдоров ыстық ықыласпен қарсы алған барша алматылықтарға алғысын білдірді:

— Мінекей үйге оралдым! Туған қалама келгеніме өте қуаныштымын! Баршаңызды осында көргеніме ризашылығымды білдіремін. Алдымда мен жүріп өтетін үлкен жол тұр. Арманның шегі жоқ — тек мәнерлеп сырғанауда ғана емес, кез келген салада. Баршаңызға үлкен рақмет! Мен тоқтамаймын — алда үлкен жоспарлар мен жаңа жеңістер бар деп сенемін!, – деді ол.

Спортшының тарихи жеңісіне орай қаладағы LED-экрандарда құттықтау бейнероликтері көрсетіліп, "Көктөбе" телемұнарасы мерекелік жарықпен көмкерілді.

Кездесу барысында суретші Әсел Сабыржанқызы (Ассоль) Михаил Шайдоровқа оның бейнесі салынған авторлық кілемді тарту етті.

Михаил Шайдоров — мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, ел қоржынына соңғы 32 жылдағы қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы алтын медалін салды.