Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясына Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпарат берді.
МӘН-ЖАЙ
Министрлік пен Қазақстанның шетелдегі мекемелері отандастарымызбен тұрақты байланыста екені хабарлады. Қазіргі уақытқа дейін олардың арасында зардап шеккендер туралы мәлімет түспеген.
– Қазіргі уақытта Иран аумағында Қазақстан Республикасының 96 азаматы бар. Олардың 18-і – дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, екеуі – студент, 70 адам "Заркух" зауытында еңбек етеді. Қазақстанның тағы алты азаматы Иранда өз шаруаларымен жүр, – деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Иран Ислам Республикасының төңірегіндегі шиеленіске байланысты Қазақстан азаматтарына ахуал тұрақталғанға дейін бұл елге барудан уақытша бас тартуды ұсынған еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Ал Air Astana Таяу Шығыс елдеріне барлық рейсті тоқтатты.