Дубай халықаралық әуежайына дронмен шабуыл жасалды

Сырым Қаржас
eurofest.org

Дубай халықаралық әуежайы ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысына ұшырады. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар, терминалдардан жолаушылар эвакуацияланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 МӘН-ЖАЙ

Куәгерлер әлеуметтік желілерде терминалдардағы қираған нысандар мен жолаушыларды жаппай көшіру сәттерін жариялауда.

Кейін қала билігі X желісіндегі ресми парақшасында шабуыл салдарынан төрт адамның жарақат алғанын мәлімдеді.

– Төрт қызметкер түрлі жарақат алды, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Алдын ала әзірленген төтенше жағдайлар жоспарына сәйкес, терминалдардың басым бөлігінен жолаушылар шығарылды, – делінген хабарламада.

Эвакуация қауіпсіздік хаттамалары аясында дер кезінде жүргізілген.

РЕСМИ РЕАКЦИЯ

Dubai Airports компаниясы соққы болғанын растады. Компания мәліметінше, келтірілген залал айтарлықтай емес.

Бұған дейін БАӘ билігі тұрғындарға болуы мүмкін зымыран шабуылдары туралы шұғыл ескертулер жіберіп, қауіпсіз орындарға баруға шақырған еді. Қазіргі таңда қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілген режимде сақталып отыр.