Кейінгі 24 сағатта АҚШ-тың Иран аумағында 1000-нан астам нысанға соққы жасағаны хабарлады. Тегеран Вашингтонмен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққыларын жасауды жалғастырып жатыр. «Al Hadath» телеарнасының хабарлауынша, 2 наурызда Исфахан және Йезд қалаларында жарылыс болған. Тегеран мен елдің оңтүстік-батысындағы Хузестан аумағында да жарылыстар болған.
АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы кейінгі 24 сағатта жүргізілген әскери операция барысында 1000-нан астам нысанға соққы жасалғанын хабарлады. Олардың қатарында басқару және бақылау орталықтары, баллистикалық зымыран базалары мен Ислам революциясы сақшылары корпусының нысандары бар.
Иранның жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеранның АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.
Контекст
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталған. Әуе соққысынан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қаза болған. АҚШ президенті Дональд Трамп «әскери операцияның мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасының көзін жою» деген. Ол Иран әскерін қаруды тастауға, халықты өз тағдырын өз қолын алуға үндеген.
«Қызыл жарты ай» ұйымының есебінше, Иранда әуе соққысынан 201 адам қаза тауып, 747 адам жараланған.
Иран қарымта жауап ретінде Израильге және АҚШ-тың әскери базалары орналасқан Таяу Шығыстағы өзге елдерге соққы жасады. Израильде төтенше жағдай жарияланды.
28 ақпанда Тель-Авив қаласындағы тұрғын үйге зымыран түсіп, салдарынан екі әйел қаза тапты. 1 наурызда Бейт-Шемеш қаласында, Иерусалим маңында, тағы бір Иран зымыраны тұрғын үйге құлап, кемінде тоғыз адам қаза болып, 28 адам жараланған.
Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт аумағында да Иранның әуе соққылары салдарынан бірнеше адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған.
АҚШ әскері Эрбиль қаласының үстінде (солтүстік Ирак) екі бірдей дронды атып түсірілгенін хабарлады. Оман жағалауында мұнай танкері өртенгені хабарланды.
Тегеран араб елдеріне шабуыл жасағанын жоққа шығарып, соққылар тек АҚШ-тың әскери базаларына бағытталғанын мәлімдеді.