Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталуда.
Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді, олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
Екі азаматтың өтініші негізінде ҚР-дың Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды.
Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда, қосымша түсіндірмелер ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады.
Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді.