Қазақстан "Бейбітшілік кеңесіне" қанша қаржы бөледі?

Сырым Қаржас
Ақорда

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Бейбітшілік кеңесі бастамасы аясында қандай үлес қосатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәжіліс кулуарында журналистер министрден Қазақстан бұған дейін қосылған Бейбітшілік кеңесі бастамасы аясында қанша қаржы бөлгені немесе бөлуді жоспарлап отырғаны туралы сұрады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан әзірге бұл бастамаға қаржы аудармаған.

— ИБіріншіден, біз әлі ештеңе төлеген жоқпыз. Әңгіме тұрақтандыру жұмыстары аясында дәрігерлерді далалық госпитальдармен бірге жіберу, студенттерге оқу үшін гранттар беру, азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсету немесе азық-түлік жеткізу туралы болып отыр. Яғни көмектің басым бөлігі осындай түрде көрсетіледі. Оның да ақшалай құны есептелуі мүмкін. Мұнда нақты бір цифр айтылды деп, көмек міндетті түрде сол көлемде қаржы түрінде беріледі деуге болмайды. Бұл – жан-жақты көмек, оның басым бөлігі гуманитарлық сипатта болады, — деді Жұманғарин.

Журналистер Қазақстан Дональд Трамптың бастамасына қаржылай қолдау көрсетеді ме деген нақтылаушы сұрақ қойған. Министрдің сөзінше, бұл мәселе әзірге үкімет деңгейінде қаралмаған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Газа бойынша жаңа «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойған болатын. 

Артынша Президенттің сол кездегі көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамп не туралы сөйлескенін айтты.