Діннің мемлекет ісіне араласуын қатаң шектеу керек - Әбенов

Сырым Қаржас
Фото: Facebook

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов “дін - мемлекеттен бөлек” деген ұғым неге енгізіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутат мысал ретінде имамның төрт балаға аяғын уқалатып отырған кезін келтірді. 

- Түркістан облысында көрдік қой, имам төрт балаға аяғын уқалатып отыр. Бұл не масқара? Оны заңды тұрғыда шешейік десек “жоқ, ол діни колледж” деді. Діни колледж мемлекеттің қаржысымен жұмыс істеп отыр. Оны көрген балалар ертең қалай дамиды?, – дейді депутат. 

Әбенов діни сала білім саласынан бөлек екенін айтады. 

- Кейде балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізіп жатады. Ол да баланың құқығын бұзады. Сол үшін діни сала білім саласынан бөлек.  Қазіргі Конституцияның өзінде дін мемлекеттен бөлек, зайырлы мемлекетпіз деп айтамыз. Бірақ дін болмайтын жерге араласып жатыр. Білім саласына да араласады, домбыра тартуға болмайды деп жатады. Балаларды дамытуға қарсылық білдіреді. Жалпы адами құндылықтарға сүйенеміз. Келіннің сәлем салуы дұрыс емес, тұсаукесер, бесікке салу дұрыс емес, дінге қарсы дейді. Халықтың мыңдаған жылғы дәстүріне зиян келтіреді, – дейді депутат. 

Айта кетейік, жаңа ата заң жобасында конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді және егемендікке қол сұғуды насихаттауға жол берілмейтіні жазылған. 

- Бірінші тақырыбымызбен осыны байланыстырсақ, дін өкілдері “мен ең алдымен дін өкілімін, содан кейін азаматпын, алдымен дінде не жазылды, соны орындаймын” деп теріс насихат жасайды. Бұл мемлекетке қарсы насихат. Олар діни ағымның насихатын жасайды. Діни ұстанымды ұстап, содан кейін заңды орындау керек дейді. Заңды орындамау - мемлекеттің тұрақтылығына, дамуына кері әсер етеді, – дейді мәжілісмен.