Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран көрші мемлекеттердің егемендігін құрметтейтінін және Таяу Шығыстағы қауіпсіздікті аймақ елдерінің өзі қамтамасыз етуі тиіс деп санайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында көрші мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдап жазды. Президенттің айтуынша, Иран серіктестерімен бірге соғысты болдырмауға тырысып, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге үміт артқан.
Пезешкианның сөзінше, жағдайды бейбіт жолмен реттеуге талпыныстар жасалғанына қарамастан, АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған әскери әрекеттер «Иранды өз мүдделерін қорғауға көшуге мәжбүр етті».
– Біз сіздердің егемендіктеріңізді құрметтейміз және өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік ең алдымен осы аймақ елдерінің өздері арқылы қамтамасыз етілуі тиіс деп есептейміз, – деді ол.
КОНТЕКСТ
Қақтығыс басталғалы бері ирандық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары өңірдегі бірқатар елдегі нысандарға бағытталған. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Оман, Иордания және Ирак бар.
Сондай-ақ 4 наурызда ирандық зымырандардың бірі Түркия аумағында әуе қорғаныс жүйелері арқылы ұсталып қалғаны хабарланған еді.