Иранның жаңа көсемі билікке келе салып, Израиль мен араб елдерін зымыранмен атқылады

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Иран аятолласы Әли Хаменеидің ұлы Мұжтаба Хаменеи билік басына келе салып, Израиль мен Парсы шығанағындағы араб елдерін зымыранмен атқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

88 дін қызметкерінен жасақталған Сарапшылар кеңесі Мұжтаба Хаменеиді елдің жаңа рухани көсемі деп жариялаған соң іле-шала Иран Израиль мен Парсы шығанағындағы араб елдеріне зымыран мен дрон ұшырды. Көрші елдер Иранның кек алу әрекетіне наразылық білдірді. 

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы аталмыш шабуылға қатысты ақпарат таратты.

«Иран аятолла саид Мұжтаба Хаменеидің басшылығымен оккупацияланған аймаққа алғашқы зымырандарын ұшырады. Сіздің бұйрығыңызбен, Саид Мұжтаба!», – делінген 9 наурыз таңертең телеарна Telegram арнасында таратқан ақпаратта. Жазбаға снарядтың суреті қоса тіркелген.

Контекст

Иранды 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан қаза тапқан.

Мұжтаба Хаменеи туралы дерек аз. Ол Әли Хаменеидің алты баласының екіншісі. 1969 жылы 8 қыркүйекте Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында дүниеге келген. Тегерандағы «Алави» діни мектебінде білім алған. 1999 жылы Мұжтаба шейіт теологиясының маңызды орталығы саналатын қасиетті Қум қаласына барып, діни білімін жалғастырған.

Мұжтаба Хаменеидің әйелі Захра Хаддад-Әдел атасы Әли Хаменеимен бірге АҚШ пен Израильдің әуе шабуылы кезінде қаза тапқан. Мұжтаба мен Захраның үш баласы бар. 18 жастағы ұлның да шабуылдан қаза тапқаны айтылады. Бірақ бұл ақпарат расталмаған.