Украина АҚШ-тың өтініші бойынша Иорданияға дрондарын жіберген

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Украина АҚШ-тың өтініші бойынша Иорданиядағы дрон-ұстағыштар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары бойынша сарапшылар тобын жіберген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ресми Киев АҚШ-тың өтініші бойынша аймақтағы әскери базаларды қорғау үшін Иорданияға дрон-ұстағыштар (Дрон перехвачик) мен арнайы сарапшылар тобын жіберген. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский американың The New York Times газетіне берген сұхбатында айтты. Сұхбат бүгін, 9 наурызда жарияланған.

Зеленскийдің сөзінше, АҚШ көмек сұрап Киевке 5 наурызда жүгінген, ал украиналық топ келесі күні-ақ жолға шыққан.

«Біз дереу жауап бердік. Мен «Иә, әрине, мамандарымызды жібереміз» деп айттым», – дейді Зеленский басылымға берген сұхбатында.

Ақ үй әзірге бұл ақпаратты растамаған. The New York Times газеті сауал жолдаған. Бірақ әлі жауап алмаған.

8 наурызда Владимир Зеленский Telegram-арнасында Украина мамандары Иорданияға әлі жетпегенін, алайда жақын уақытта баруы тиіс екенін айтқан.

«Келесі аптада сарапшылар барған соң жағдайды қарап, көмектесуге кіріседі... Алғашқы кездесулердің нәтижесін күту керек», – деген ол жазбасында.

Контекст

Ақпанның соңында АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әуе шабуылын бастағаннан кейін Таяу Шығыстағы жағдай ушыққан. Ресми Тегеран қарымта жауап ретінде аймақтағы АҚШ-тың әскери базалары мен Израильді зымыран және дронмен шабуылдаған.

Дрон-ұстағыштар — бұл басқа ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) анықтап, қуып жетіп, ұстап немесе жоюға арналған арнайы дрон.

Негізгі қызметі:

  • қарсылас дрондарын анықтау

  • оларды қуып жету

  • сигналын бұғаттау немесе соқтығысу арқылы жою

Қалай жұмыс істейді?

Дрон-ұстағыштар бірнеше тәсілмен әрекет етуі мүмкін:

  1. Тор лақтыру – қарсы дронды торға түсіріп ұстайды.

  2. Соқтығысу (kamikaze) – қарсы дронға әдейі соғылып, оны істен шығарады.

  3. Электронды кедергі – басқару сигналын бұғаттайды.

  4. Ракета немесе оқ-дәрі қолдануы мүмкін (кейбір әскери үлгілер).