Ираннан Қазақстанға ауған «қышқыл бұлт» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Ulysmedia
ЖИ/Ulysmedia

«Қазгидромет» БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған Иран аумағынан Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қарай жылжып келе жатқан «қышқыл бұлттар» туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Қазгидромет» мұндай ақпараттар ғылыми деректерімен расталмаған дейді.

«Иран үстінде пайда болды делінген және Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген «қышқыл бұлттар» туралы ақпарат ғылыми деректермен де, жүргізілген бақылаулармен де дәлелденбеген. Қышқыл жауын-шашындар атмосфераға негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік көздерінен бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінің әсерінен түзіледі. Әдетте мұндай құбылыстар ластаушы көздерге жақын аймақтарда байқалады. Ауа массалары алыс қашықтыққа таралған кезде бұл заттардың концентрациясы атмосферадағы табиғи процестердің әсерінен едәуір төмендейді», – делінген «Қазгидромет» таратқан мәлімдемеде.

«Қазгидромет» мәліметінше, мониторинг деректеріне сәйкес, мұндай ластаушы заттардың Қазақстан мен Орталық Азия елдері бағытына таралу белгілері тіркелмен. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми деректеріне сүйеніп, тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес берді.

Контекст

Бұған дейін Иран аумағындағы мұнай қоймаларын атмосфераға улы заттар тарап, «қышқыл бұлт» Орталық Азия аумағына, соның ішінде Қазақстанға қарай жылжып келеді деген ақпарат тараған.

Израиль Тегерандағы мұнай қоймаларын атқылаған. Reuters агенттігінің Израильдегі дереккөзі қоймадағы мұнай қару-жарақ жасауға, сондай-ақ әскери базалардың жұмысына пайдаланылғанын айтқан. Иранның ұлттық мұнай компаниясы соққылардан ұйымның төрт қызметкері қаза тапты деп мәлімдеген.