«Хезболла» Израильге қарсы әскери операция басталғанын жариялады

Сырым Қаржас
Фото: reuters

Ливандағы «Хезболла» қозғалысы Израильге қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы араб және халықаралық БАҚ хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Reuters агенттігінің мәліметінше, топ Иранмен бірлесіп Израильдің солтүстігіне соққы жасаған. Бұл Таяу Шығыстағы қақтығыс ушыға бастағалы бері «Хезболла» мен Иранның алғашқы үйлестірілген шабуылы болды.

Израиль дереккөздерінің мәліметіне сәйкес, ел аумағына шамамен жүзге жуық зымыран ұшырылған. Шабуыл негізінен елдің солтүстік аймақтарына бағытталған.

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, шабуыл салдарынан кемінде екі адам жарақат алған.

Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс армиясы Ливандағы «Хезболла» нысандарына бірқатар соққы жасағанын мәлімдеді. Израиль әскерилері топтың инфрақұрылымына, соның ішінде Бейрут қаласындағы нысандарына шабуыл жасалып жатқанын айтты.

КОНТЕКСТ

Израиль мен «Хезболла» арасындағы шиеленіс наурыз айының басында күшейе түсті. 2 наурызда Израиль армиясы ливандық қозғалысқа қарсы операция басталғанын жариялады.

ЦАХАЛ мәліметінше, «Хезболла» Иранды қолдап қақтығысқа араласып, Израиль аумағына зымырандық соққы жасаған. Келесі күні Израиль әскерилері Ливанның оңтүстігінде құрлық операциясын бастады.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, бұл әрекеттер елдің шекара маңындағы аймақтарын зымырандық шабуылдардан қорғауға бағытталған.