Қазақстанның cыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қазақстандықтардың қазір қай жерде қауіпсіз демала алатыны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министрдің айтуынша, демалу үшін міндетті түрде шетелге шығудың қажеті жоқ, Қазақстанның өзінде де бағыттар жеткілікті. Ол көп адам Каспий теңізі жағалауына, Қарқаралы, Бурабай, Алматы немесе Шығыс Қазақстан облысы бағыттарын таңдайтынын айтты.
Ал шетелге саяхатқа қатысты министр демалу үшін әлі де қауіпсіз деуге келетін бірнеше танымал бағытты атады. Олардың қатарында Түркия, Таиланд, Вьетнам және Мальдив аралдары бар.
Көшербаев сондай-ақ СІМ ескертулеріне қарамастан, Таяу Шығыс елдеріне демалуға барып жатқан қазақстандықтар туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай сапарларға әркім әртүрлі себеппен барады.
— Біздің азаматтарды бір нәрсемен қорқыту өте қиын. Кейбіреулер қонақүйлердің бағасы төмендегендіктен барады, ал енді біреулер, бәлкім, фаталист шығар, — деді министр.
Сонымен бірге ол жағдай ушығып кеткен жағдайда туристердің елге оралуында қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті. Көшербаев азаматтарды сақ болуға және ықтимал тәуекелдерді ескеруге үндеді.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын аяқтағанын хабарлағанбыз.