Еуроодақ әзірге Ормуз бұғазына әскери кемелер жіберуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамптың аймақтағы кеме қатынасының қауіпсіздігін күшейту туралы үндеуіне қарамастан қабылданған шешім. Бұл туралы Брюссельде өткен ЕО Сыртқы істер кеңесінің отырысынан кейін еуропалық дипломатияның басшысы Кая Каллас мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Калластың айтуынша, Еуроодақ елдері үшін қазір ең маңыздысы – Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдерді қалпына келтіру. Әсіресе тыңайтқыш, азық-түлік және энергетикалық ресурстар тасымалына басымдық беріліп отыр.
Сыртқы істер министрлері осы аймақтағы кеме қатынасын қалай тиімді қорғауға болатынын талқылаған. Каллас Еуроодақтың Aspides әскери-теңіз операциясы сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қазірдің өзінде маңызды рөл атқарып отырғанын айтты. Алайда оның мандатын Ормуз бұғазына дейін кеңейту мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ.
Оның сөзінше, Еуроодақ елдері әскери қақтығысқа тікелей араласқысы келмейді. ЕО-дағы көптеген мемлекет жағдайдың одан әрі ушығуы қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін алаңдаушылықпен бақылап отыр.
Дипломаттың айтуынша, назар тек Ормуз бұғазына ғана ауып отырған жоқ. Қызыл теңіз де әлемдік саудадағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Еуроодақ елдері хуситтер тарапынан болуы мүмкін шабуылдарға да алаңдайды және аймақтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет деп санайды.
АЙТА КЕТЕЙІК
Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай саудасының шамамен 20 пайызы, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерінен экспортталатын сұйытылған табиғи газдың 30 пайызына дейін өтеді. Бұл газ бен мұнай негізінен Азия мен Еуропаға жеткізіледі. Тасымал Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Катар, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктерінен жүзеге асады.
Күн сайын бұл бұғаз арқылы 200-300 кеме өтеді.