Иранда «Бушер» атом электр станциясына зымыран құлады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
МАГАТЭ мен Ресейдің «Росатом» компаниясы Иранның «Бушер» атом электр станциясы аумағына зымыран түскенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша реакторға зақым келмеген, радиация таралмаған.
МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси Иран, АҚШ және Израиль тараптарын ядролық апатқа жол бермеу үшін барынша сабыр сақтауға шақырды.
Ал «Росатом» басшысы Алексей Лихачев бұл оқиғаны «халықаралық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары мен ережелерін өрескел елемеу» деп бағалады. Оның айтуынша, Бушер АЭС аумағында шамамен 480 ресейлік маман қалып отыр.
Лихачевтың мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері Ресей мамандарын екі рет эвакуациялаған, ал қазіргі үшінші кезеңге дайындық жүргізіп жатыр.
Контекст
Бушер – Ирандағы алғашқы атом электр станциясы. Оның құрылысы 1975 жылы ел билігінің бастамасымен және Siemens компаниясының қолдауымен басталған.
Алайда ислам революциясынан кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тек 1995 жылы Росатомның қатысуымен қайта жанданған. Алғашқы энергоблок 2013 жылы пайдалануға берілді. Кейін екінші энергоблоктың құрылысы басталды.
Соңғы жылдары станцияда техникалық ақаулар жиі тіркеліп, соның салдарынан Иранның бірқатар өңірінде электр энергиясы уақытша өшірілген жағдайлар болған.