Иранда билікке қарсы шеруге қатысқан үш адам дарға асылды, деп хабарлайды Ulusmedia.
Мән-жай
Иранның мемлекеттік Tasnim агенттігінің жазуынша, дарға асылған үш адам желтоқсан-қаңтар айларында елде болған жаппай наразылыққа қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтірген. Тергеу кезінде қылмысты жасағандарын мойындаған. Сондай-ақ оларға АҚШ пен Израильдің мүддесіне әрекет етті деген де айып тағылған.
Жазалау рәсімі Иранның Қом қаласында болған. Бұл қала ел астанасы Тегераннан оңтүстікке қарай 150 шақырым жерде орналасқан. Шииттердің киелі қаласы саналады.
Контекст
Ұзақ жылдан бері санкция астында отырған 90 миллион халқы бар Иранда былтыр желтоқсанда Тегерандағы «Үлкен базар» деп аталатын сауда орталықтарының бірінен басталған наразылық қаңтардың ортасына дейін жалғасып, билік оны күшпен басқан. Көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып, көшеге шыққан. Кейіннен оларға студенттер мен өзге де адамдар қосылды. Наразылыққа Тегераннан өзге Исфахан, Мешхед және өзге де қалалар қосылған. Көшеге шыққан халық елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына билікті кінәлаған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ наразылық кезінде 30 мыңға жуық адамның қаза тапқанын жазған. Иран билігі де қаза тапқандардың мыңдап саналатынын жоққа шығармаған.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді үздіксіз 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Осыдан кейін ресми Тегеран қарымта ретінде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базалары мен Израильді атқылаған. Парсы шығанағындағы араб елдеріндегі азаматтық нысандардың да шабуылға ұшырағаны айтылған. Сол уақыттан бері аймақтағы жағдай ушығып тұр. Иран билігі Ормуз бұғазын жапқаннан кейін, ол әлемдегі мұнай бағасына да әсер еткен.