Каспийдегі шабуыл Ақтау портына кері әсер етуі мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ пен Израильдің Каспий теңізі жағасындағы Иранның басты портына жасаған шабуылы Ақтаудың сауда мүмкіндігіне кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Рақымбек Әміржанов кезінде «Ақтау теңіз сауда портында» түрлі қызмет атқарған. Оның пікірінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соңғы әскери әрекеті Қазақстан мүддесіне де әсер етіп отыр.

— Ақтау портына “жанама” соққы болды. Ақтау порты арқылы өтетін құрғақ жүктің 95 пайызы Иранға жөнелтіледі. Оның басым бөлігі Тегераннан бес сағаттық жерде орналасқан Энзели портына барады. Негізгі жүк — Иран құс фабрикаларына арналған арпа, жылына шамамен 1 млн тонна. Күз-қыс мезгілінде Ақтау портының қаржы жағдайы қиындауы мүмкін. Каспий деңгейінің төмендеуі Ақтауда түбін тереңдету жұмыстарын талап етеді. Бірақ несиені қайтару үшін ол қандай жүкке сүйенеді? Бакуге 4 млн тоннадан артық мұнай жіберілмейді. БТС бойынша шектеулер бар. Қытайдан келетін контейнерлер ше? Олар қаншалық тиімді? Егер тек жүк ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту арқылы күн көреміз десек, оған Құрық шығанағы балама бола алады. Ол жақта қазірдің өзінде үш порт бар — ҚТЖ, «Семург», «Атасу» («Ерсай»). Төртінші порт та салынып жатыр, — дейді ол.

ШАБУЫЛ

19 наурызға қараған түні Иранның Каспий жағалауындағы маңызды порт қаласы Бендер-Энзелиге соққы жасалғаны хабарланды. Reuters Израиль әскері Каспий теңізіндегі Иран нысандарына соққы жасалғанын растағанын жазды, ал ирандық және өзге дереккөздер Бендер-Энзелиде кеден ғимараты мен кеме қатынасы ұйымының кеңселері нысанаға алынғанын хабарлады.