Иран тағы да «Бушер» атом электр станциясына шабуыл жасалғанын мәлімдеді

Ulysmedia
Фото: ТАСС

Иран АҚШ пен Израильдің тағы да «Бушер» атом электр станциясына шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Бушер атом электр станциясы аумағына АҚШ пен Израиль шабуыл кезінде атылған снаряд түскен. Бұл туралы Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымы 24-ші наурыз күні кешке хабарлады. Ұйым мәліметінше, ешкім зардап шекпеген, станция нысандарына зақым келмеген.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі басшысы Рафаэль Гросси тараптарды ядролық апаттың алдын алу үшін «барынша сабыр сақтауға» шақырды.

Бұған дейін, 18 наурызда да Бушер атом электр станциясының аумағына снаряд түскені туралы айтылған.

Контекст

Бушер – Ирандағы алғашқы атом электр станциясы. Оның құрылысы 1975 жылы ел билігінің бастамасымен және Siemens компаниясының қолдауымен басталған.

Алайда ислам революциясынан кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тек 1995 жылы Росатомның қатысуымен қайта жанданған. Алғашқы энергоблок 2013 жылы пайдалануға берілді. Кейін екінші энергоблоктың құрылысы басталды.

Соңғы жылдары станцияда техникалық ақаулар жиі тіркеліп, соның салдарынан Иранның бірқатар өңірінде электр энергиясы уақытша өшірілген жағдайлар болған.