Кейбір қазақстандықтардың банк карталары бұғатталып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтардың банк карталары бұғатталып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бияқаевтың сөзінше, елде алаяқтарға алданған азаматтардың картасы бұғатталған оқиғалар тіркеліп жатыр. Мысалы, бір әйел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылғанына қарамастан, оның картасы бұғатталған.

Оның айтуынша, бұған антифрод жүйесінің күдігі себеп. Яғни жүйе бұл операцияларды «дропперлік» белгісі бар деп қабылдауы мүмкін.

– Антифрод жүйесі сақтық үшін осындай шешім қабылдайды. Адам қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болса да, оның шотына түскен қаражат күмәнді деп танылуы мүмкін. Содан кейін адам өзі дроппер емес екенін, керісінше жәбірленуші екенін дәлелдеуге мәжбүр болады. Қазір Қазақстанда мұндай жағдайлар бар. Бұл азаматтарға қосымша қиындық туғызып отыр, – деді ол TengeTalks-қа берген сұхбатында.

АЙТА КЕТЕЙІК

Антифрод — алаяқтықтың алдын алуға арналған қауіпсіздік жүйесі. Ол төлемдер мен қаржылық әрекеттерді онлайн режимде тексеріп, күмәнді операцияларды анықтайды. Мысалы, қысқа уақытта басқа елде ақша шешілсе, жүйе оны күмәнді деп танып, бұғаттауы мүмкін.