Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда инвестициялауды өздері шешеді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Депутат Асхат Аймағамбет Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару жүйесіне қатысты жаңа өзгерістердің қызу талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Еліміздегі әрбір жұмыс істейтін азамат ай сайын жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударады. Қазіргі кезде бұл қаражатты Қазақстан Ұлттық Банкі басқарып, инвестицияға бағыттайды. Жыл сайын салымшылар өз жинақтарының қаншалықты табыс әкелгенін бақылап отыра алады, - деді депутат.

Алайда қолданыстағы жүйеде азаматтарға белгілі бір таңдау еркі берілген. 

- Қазіргі уақытта мынандай мүмкіндік бар: жинақталған қаражатымыздың зейнетақы қорындағы 50 пайызына дейінін сіз өзіңіз, яғни кім басқаратынын, мысалы, жеке меншік компанияларға беруіңізге болады. Арнайы лицензиясы бар. Яғни, сіз шешесіз. Егер бергіңіз келмесе, Ұлттық банк оны сақтап қалады. Ұлттық банк инвестициямен, басқарумен айналысады. Егер “жоқ, бір компанияға сенемін” деп мүмкіндік берсеңіз, сіз берген стратегия бойынша қаржы компаниясы зейнетақы қорында жинақталған қаражаттың бір бөлігімен инвестиция жасауға мүмкіндік алады, – дейді Аймағамбет.

Қазіргі талқылаудың негізгі бағыты – осы шекті 50 пайыздан 75 пайызға дейін ұлғайту. Егер өзгеріс қабылданса, салымшылар өз жинақтарының басым бөлігін жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады.

Аймағамбеттің сөзінше, мұндай қаржы ұйымдары ірі банктердің жанынан құрылған. Азаматтар тиісті өтінішті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жолдап, өз қаражатын басқаруды сол ұйымдарға бере алады.

- Біз көбіне бүгінгі тірлігімізді ғана ойлаймыз. Сондықтан егер толық еркіндік берілсе, сіз сияқты жүз адамның тек бірнеше пайызы ғана өз еркімен зейнетақы қорына тиісті төлемдерін аударар еді. Сол себепті барлық мемлекеттер осындай жүйені енгізген. Яғни, бұл – зейнетақы қорына міндетті түрде аударылатын қаражат, – дейді Асхат Аймағамбет.

Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, қоғамда зейнетақы жүйесіне сенімсіздік бар. Кейбір азаматтар жинақтарының басқарылуына және болашақ төлемге күмәнмен қарайды. Сондықтан қазіргі жүйені жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Авторы: Ақлима Джақсыбекова