Қазақстан интеллектуал державаға айналуға тиіс – Кеңес Рақышев

Сырым Қаржас
Forbes Kazakhstan

Қазақстан интеллектуал державаға айналуы керек. Бұл туралы қазақстандық кәсіпкер, халықаралық венчурлық инвестор, Fincraft Resources директорлар кеңесінің төрағасы Кенес Рақышев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның сөзінше, қазақ халқы — жай ғана ұлт емес, терең тарихы бар ұлы өркениет.

— Сол өркениет аясында біз талай қырымызбен танылып, сан түрлі ғылым мен білімді игердік. Соның ішінде бүгін ерекше атап өткім келетіні — тактика құру және есептеу қабілеті, — деді ол.

Кенес Рақышев қазақтың әскери ойлау мәдениеті ежелден жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Оның айтуынша, батырларымыз ұрыс даласында тек күшпен емес, ақыл-ойымен жеңіске жеткен.

– Соның айқын дәлелі — Орбұлақ шайқасында небәрі 600 сарбазбен 25 000 әскерге қарсы тұрып, стратегиялық шешім қабылдаған Сұлтан Жәңгірдің даналығы. Сол сияқты Бауыржан Момышұлының әлем мойындаған "спираль тактикасы" — қазақтың әскери ойлау мәдениетінің биік үлгісі, – деді ол.

Бүгінде мұндай ойлау қабілеті басқа алаңда — шахматта көрініс тауып отырғанын айтты.

– Бүгінде заман тыныш. Бірақ сондай батырлар әлі де бар. Тек олардың айқасы енді ұрыс даласында емес, шахмат тақтасында өтіп жатыр, – деді инвестор.

Ол шахматты жай ойын емес, ұлттың ойлау жүйесін қалыптастыратын құрал ретінде бағалайды.

– Күшті мемлекет табиғи ресурстардан емес, дұрыс ойлай алатын адамдардан басталады. Ал шахмат — дәл сондай қабілетті дамытатын құрал, – деді Кеңес Рақышев.

Сонымен қатар, ол 2017-2023 жылдары Алматы шахмат федерациясын басқарғанын еске салды. Осы кезеңде Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуға басымдық берілген.

– Біздің мақсат — сырттан бақылаушы болуды тоқтатып, әлемдік тақтадағы ойыншыға айналу болды. Сол үшін федерацияны күшейттік, халықаралық турнирлерді елге әкелдік, жас таланттарды қолдадық, – деді ол.

Оның айтуынша, басты мақсат — тек жекелеген жеңістер емес, ұзақмерзімді интеллектуал қоғам қалыптастыру.

– Менің ұстанымым анық: Қазақстан интеллектуалды державаға айналуға тиіс. Ал шахмат – осы жолдағы негізгі құралдардың бірі. Біздің мақсат – тек медаль алу емес, бірнеше қадам алға ойлайтын ұлт қалыптастыру, –  деп түйіндеді ол.

КЕҢЕС РАҚЫШЕВ

Айта кетейік, Кеңес Рақышев Forbes журналының 2025 жылғы дерегі бойынша,  Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 435 миллион доллар капиталымен 23-орында тұр.