Ресейде олигархтар соғысқа 100 млрд рубльден ақша бөліп жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей кәсіпкерлері одағының съезінде Украинадағы соғысты ірі бизнес есебінен қаржыландыру туралы идея айтылғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұған дейін The Bell және Financial Times басылымдары мұндай шешімді Путиннің өзі жариялағанын хабарлаған еді. Ал идеяның авторы ретінде «Роснефть» басшысы Игорь Сечин аталған.

The Bell дереккөздерінің айтуынша, Путин мұндай алымдарды «Донбасс шекарасына дейін соғысу қажеттілігімен» түсіндірген, деп жазады “Важные истории” телеграм арнасы.

Алайда Песков бұл ақпаратты жоққа шығарды.

- Бұл идея Игорь Сечиннен шықты деген шындыққа жанаспайды. Арнайы әскери операцияға ақша жинау туралы айтылды деген де дұрыс емес. Путин мұндай өтініш жасаған жоқ, — деді ол.

Кремль өкілінің сөзінше, кездесуге қатысушылардың бірі (Песков оның атын атаудан бас тартты) «өте ірі көлемде қаражат бөлу қажет» деп есептейді және бұл оның жеке шешімі болған.

- Кездесуге қатысқандардың басым бөлігі бизнесті 90-жылдары бастаған, әрі олардың алғашқы қадамдары көбіне мемлекетпен байланысты болды. Сондықтан қазір көпшілігі мұндай жарналарды өз міндеті деп санайды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы құптады, — деді Песков.

КІМДЕР АҚША ЖИНАЙ БАСТАДЫ?

The Bell мен Financial Times мәліметінше, соғысқа қаржы жинауға миллиардерлер Олег Дерипаска мен Сулейман Керимов қатыса бастаған. Соңғысы 100 млрд рубль бөлуге ұсыныс жасаған.

Ірі кәсіпкерлерден қаржы жинау бастамасы бюджетке түсетін кіріс, әсіресе энерго ресурстарды сатудан түсетін табыс екі есе қысқарған кезеңде көтерілді. Билік бюджет тапшылығының үш есеге өсуіне дайындалып, шығындарды қысқартуды және бюджет ережесін қатаңдатуды жоспарлаған.