Алматыдағы жол апаты туралы айтқан заңгер Молдахан Әділетхан қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы заңгердің көмекшілері әлеуметтік желіде хабарлады.
- Әділетханды Алматы қаласының полиция департаменті қамауға алып отыр. Бірақ не себепті екенін білмей отырмыз. Заңсыз қамауға алып отыр. Кейінгі кездері әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы резонанс тудырған еді. Біраз кісілердің атын айтты. Соған қатысты ма? Нақты білмейміз, – дейді заңгердің көмекшілері.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Біз бұл жағдайға қатысты Алматының полиция департаментінен түсініктеме беруін сұрадық. Департамент өкілдері қысқаша жауап берді.
- Алматы қаласының Полиция департаменті азамат Молдаханға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр, – дейді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
ЖОЛ АПАТЫ ТУРАЛЫ НЕ ДЕП ЕДІ?
Еске салайық, 21 наурызда түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары кінәлілерді жазалауды талап еткен.
Заңгер Молдахан Әділетхан әл-Фараби даңғылындағы жол апаты мен құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты пікір білдірген болатын.