Қазақстанда енді шенеуніктер жұмысқа онлайн қабылданады

Қалижан Бектемір
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау енді толықтай онлайн форматта өтеді. Конкурсқа қатысу үшін өтініш eqyzmet.gov.kz порталы арқылы қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу екі кезеңнен тұрады. Яғни заңнаманы білуге арналған және жеке қасиеттерін бағалау тесттері. Сынақ 55 сұрақты қамтып отыр. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлағандай, тестілеуден өту үшін кемінде 30 дұрыс жауап жинау қажет. Үміткер әр заң бойынша ең аз дегенде 5 сұраққа дұрыс жауап беруі тиіс.

Жеке қасиеттерді бағалау үш бағыт бойынша жүргізіледі: басшылық, басшылық емес және тәжірибе талап етілмейтін төменгі лауазымдар.

Тест нәтижелері бір жылға дейін жарамды. Оны айына үш ретке дейін тапсыруға болады. Конкурсқа ең жоғары нәтиже көрсеткен бес кандидат өтеді. Барлық құжат онлайн түрде тапсырылады.

ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛЕДІ?

Іріктеу кезеңдері лауазым түріне қарай өзгереді: басшылық қызметтерге үміткерлер эссе жазып, онлайн сұхбаттан өтсе, ал басқа лауазымдарға практикалық тапсырмалар қарастырылған.

Жаңа жүйе конкурс өткізу мерзімін де қысқартты. Енді іріктеу 5-7 жұмыс күні ішінде аяқталады (бұрын 23-30 күн болған).