Қазақстанда тұтас бір ауыл зейнетақы мен жәрдемақысыз қалды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бар болғаны бір кадрлық шешім Қостанай облысындағы тұтас бір ауылды мемлекеттен тиесілі төлемдерден айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Новая газета»-ның жазуынша, соңғы санақ бойынша Красная Пресня ауылында шамамен 950 адам тұрады. Мендіқара ауданының орталығына дейінгі қашықтық — 51 км. Бүкіл ауылда бір ғана пошта бөлімшесі болған, ол жалғыз қызметкердің жұмыстан кетуіне байланысты жабылып қалған.

Қазір ауылдың қарт тұрғындары зейнетақыларын ала алмай отырғанын айтып шағымдануда. Оларға тиесті ақшаны алу үшін аудан орталығына бару ұсынылған.

— Ал біздің әжелеріміз қайда барады? Бұл тегін емес қой, такси жалдау керек: бару — 2 мың, қайту — 2 мың теңге. Қазір бізде автобус та жоқ. Зейнеткерлеріміз күтіп отырды. «Бір адам жұмстан кетсе де, зейнеткерлердің күтіп отырғанын бәрі біледі ғой» деп ойладық. Олардың зейнетақысы онсыз да аз, бір айға әрең жетеді. «Бәлкім, Боровскойдан біреу келіп, таратып берер» деп күттік. Бірақ ешкім келген жоқ, — дейді ауыл тұрғындары.

«Қазпоштаның» жауабы

«Қазпошта» бөлімше жұмысының қашан қалпына келетінін нақты түсіндірудің орнына, белгілі жайтты ғана бөлісті:

— «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалы сіздің өтінішіңізді қарап, мынаны хабарлайды: қазіргі таңда пошта байланысы бөлімшесі бөлімше басшысы лауазымының бос болуына байланысты уақытша жұмыс істемейді.