Астана тұрғыны ұлтын итальяндықтан неміске өзгерту үшін сотқа жүгінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған. Талапкердің айтуынша, оның әкесі – итальян, анасы – орыс, ал әкесі жағынан әжесі – неміс ұлтынан. 2025 жылдың соңында ол құжаттағы ұлтын өзгерту туралы өтініш бергенімен, уәкілетті орган бұл сұранысты қанағаттандырмаған.
Мемлекеттік орган өкілдері қолданыстағы ережеге сәйкес, құжаттағы ұлт ата-анасына қарай анықталатынын түсіндірген. Осыған байланысты талапкерге алдымен әкесінің ұлтын өзгертіп, содан кейін қайта өтініш беру ұсынылған.
Алайда азамат бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Ол Қазақстан заңнамасы белгілі бір жағдайларды ескере отырып, ұлтын өзгертуге мүмкіндік беретінін алға тартқан. Сонымен қатар талапкер Германиядағы кеш қоныс аударушылар бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырғанын, неміс тілін меңгергенін және сол елде туыстары бар екенін атап өткен.
СОТ НЕ ШЕШТІ?
Сот отырысы барысында талапкердің әкесі жағынан әжесінің неміс ұлтынан екені іс материалдарымен расталғаны белгілі болды. Сондай-ақ сот 2025 жылғы 16 сәуірдегі Конституциялық соттың нормативтік қаулысын негізге алды. Онда мұндай істерді қарау кезінде тек ата-анасының ғана емес, басқа да жақын туыстары туралы мәліметтер мен өзге де объективті жағдайлар ескерілуі мүмкін екені көрсетілген.
Осыны ескере отырып, сот уәкілетті органға талапкердің өтінішін қайта қарап, ұсынылған дәлелдер мен құқықтық ұстанымды негізге ала отырып, шешім қабылдауды міндеттеді.
Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.