Қоғам белсендісі Бекболат Қаржан Түркістан облысының мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышановқа қатысты жазбасы үшін 20 күнге қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жазба не жайында?
Бекболат Қаржан Facebook парақшасында Түркістан облысының бас санитарының қол астындағылардан пара алғаны туралы Түркістан телеарнасы әзірлеген видео сюжетті бөлісіп, пост жариялаған.
- «Масқараның түр түрін көріп жатырмыз. Түркістан облысының бас санитарі Нұрбек Нышанов парамен ұсталса да, ҰҚК істі қысқартылып жіберіпті. Тіпті, қол астындағылар конвертпен ақша ұсынғаны өзінің жұмыс кабинетіндегі жасырын қойылған камераға түскен дейді. Осының орнында белсенді, ұлтшыл азамат болса, бірден түрмеге қамататын еді. Бұл жүйені, мемлекетті әруақтан да, құдайдан да, обалдан да, жетім мен жесірдің көз жасынан да қорықпайтын адамдар басқарып отыр деген сөз», - деп жазады ол өз парақшасында.
Қаржан осы жазбасы үшін әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөліміне сәйкес қамауға алынды. Үкім шығарған судья Гаухар Торғаева.
– Көпшілік алдында немесе БАҚ пен интернет арқылы жала жабу» фактісі бойынша Бекболат Қаржан кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – делінген сот залында.
Белсенді телеарна сюжетін дәлел ретінде көрсеткенімен, сот оны ескермеген.
- «Нышановқа қатысты сот отырысы өтті. Түркістан телеарнасының түсірген арнайы түсірілімін дәлелге келтіріп айтсақ та, назарға алған жоқ. Мені 20 күнге қамауға алды. Бұл шешімді әділетсіз деп санаймыз, сондықтан Амангелді ағам екеуміз аппеляцияға беретін болдық», — деді Бекболат Қаржан.
Бекболаттың сенімді өкілі, журналист Амангелді Батырбеков сот шешімімен мүлдем келіспейтінін жеткізді.
«Біреудің жариялаған посты үшін Бекболат жазықсыз жазаға тартылып отыр. Өздері пара алса да құтылып кетті дейді, онда антикорды неге соттамайды?», - деді ол.
Журналисттің сөзінше, Түркістан облысының бас санитары әлі де өз қызметін атқарып отыр.
Телеарна материалы не жайында?
Түркістан телеарнасы таратқан видеода облыстық санитарлық-эпидемиялық қадағалау департаментінің басшысы жеке кабинетінде конвертпен ақша алғаны айтылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бұл әрекетті бақылау үшін Нышановтың жұмыс орнына камера орнатқан.
- Айғақ ретінде тәркіленген видеода департаменттің бірнеше қызметкері мен басқа да лауазымды тұлғалар келіп, Нышановқа конвертпен ақша ұсынғаны көрсетілген, деп хабарлайды эфирден телеарна журналистері.
Түркістан арнасы таратқан видео материалды төменде тіркелген сілтемеге өтіп, толық көре аласыздар.