Түркістан облысында диқандар ерте піскен қырыққабатты жинауға кірісті

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының Мақтаарал ауданы ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін нарыққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ерекше күтіп-баптаумен өсірілген өнім Ресей Федерациясы нарығына экспортқа жөнелтілді. Шаруашылық басшысының айтуынша, 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат егілген. Егіс барысында заманауи тамшылатып суару технологиясы қолданылып, өнімділікті арттыруға басымдық берілген. Қазір қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Биыл Мақтаарал ауданында 1 400 гектарға көкөніс дақылдары егілген. Оның 1 000 гектары ерте пісетін қырыққабатқа тиесілі.

Қырыққабатты 5 наурызда еккенбіз. Жинау науқаны басталып кетті. Бұдан бөлек, домалақ қырыққабаттарымыз да бар. Тамшылатып суару жүйесімен биылдан бастап егіп жатырмыз. Былтыр арықпен суаратынбыз. Онда су шығыны көп болатын. Жинаған өнімдерімізді Қазақстанның ішіне, одан басқа Ресей мен Беларусияға жіберіп жатырмыз, – дейді шаруа Сейсенбай Мұсылманқұлов 24 KZ арнасына берген сұхбатында.