Зәулім үйімен тамсандырған Алагөзов президенттен орден алды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов «Парасат» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАРАПАТ НЕ ҮШІН БЕРІЛДІ

«Парасат» ордені – ел мен қоғамға сіңірген еңбегі үшін берілетін мемлекеттік марапат. Бұған дейін дәл осы марапат кәсіпкер Тимур Турловқа берілген.

Марапатқа қатысты пікір білдірген Алагөзов:

– Елге адал қызмет ету – әр азаматтың жүрегіндегі ең үлкен жауапкершілік. Туған жеріңе пайдаңды тигізу – нағыз абырой. Бүгінгі ісің ертеңгі ұрпаққа үлгі болсын. – деді.

Ал оның жары, продюсер Баян Алагөзова күйеуімен мақтанатынын жеткізді.

АЛАГӨЗОВТІҢ ДӘУЛЕТІ

Forbes Kazakhstan-ның 2025 жылғы рейтингінде Алагөзов елдегі ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 51-орынға жайғасқан. Оның дәулеті шамамен 130 миллион доллар деп бағаланады.

Ол – GALANZ bottlers компаниясының иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Бұл кәсіпорын Қазақстан мен Орталық Азияда алкогольсіз сусындар шығарады.

2024 жылы кәсіпкер Шымкент сыра зауытын сатып алса, 2025 жылдың басында ұн мен макарон өнімдерін өндіретін JFood Kazakhstan (бұрынғы «Цесна-Астық») компаниясын иеленді. Меншік иесі ауысқаннан кейін Шымкент сыра зауытының басшылығына кәсіпкердің 29 жастағы ұлы Арсен Алагөзов келді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАМСАНҒАН ЗӘУЛІМ ҮЙ

Айта кетейік, бұдан бұрын кәсіпкер Тұрсын Алагөзов пен оның жары, продюсер Баян Мақсатқызының зәулім үйін көрсеткен.  Сәні мен салтанаты жарасқан вилла Алматы іргесіндегі таулы аймақта орналасқан. Аумағы 4 гектарды құрайды, ал үйдің жалпы көлемі 2 мың шаршы метрден асады. Әр бөлмесі талғампаздықпен жабдықталған шаңырақтың ішкі әрлеуінде жылтыр мәрмәр, қымбат дизайнерлік жиһаздар және кең киім бөлмелері көзге түседі. Үлкен шкафтарда әлемдік брендтердің — Louis Vuitton, Swarovski, Hermès (Birkin, Kelly және сирек кездесетін лимитті үлгілер) өнімдері сақталған.