Украиналық дәрігерге көмек қолын созған қазақтар көпті таңғалдырды

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Threads-тағы украиналық әскери дәрігердің жазбасы қазақстандықтар арасында кеңінен тарап жатыр. Ол жазбасында жұбайының Астанаға ем алуға бара жатқанын айтып, көмек сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МЫҢНАН АСТАМ ПІКІР

Дәрігер майданда қызмет етіп жүргенін айтып, жұбайының Астанаға омыртқаға операция жасау үшін бара жатқанын жеткізген. Сондай-ақ, алғашқы күндері күтім жасауға көмектесетін адам мен қолжетімді қонақүй бойынша кеңес сұраған.

Мен Украинадағы әскери дәрігермін, қазіргі уақытта майданда қызмет етіп жүрмін. Менің жұбайым Астанаға омыртқаға операция жасау үшін бара жатыр. Сіздердің елдеріңізден жақсы дәрігер табылды. Өтініш, ақылы негізде алғашқы уақытта көмектесетін күтуші (сиделка) табуға болатын сайттар бар ма? Бағасы қолжетімді қонақүй ұсына аласыздар ма? Кеңестеріңіз үшін алдын ала алғыс айтамын, Қазақстанның керемет халқы!,– деп жазды желіге.

Ал қазақстандықтар: «WhatsApp-та топ ашып, бәріміз көмектесейік», «Мен астанада тұрамын. Әйеліңізді тегін күтіп алып, шығарып салайын», «Астанадағы үйімнің бөлмесін тегін беруге дайынмын», «Әрбір қазақтың есігі ашық», деп мыңнан астам пікір қалдырған. Ал жазбаны 258 мың адам көрген.

«ЖЫЛАП ОТЫРЫП ОҚИТЫН ЖАЗБА»

Осы туралы баспагер Шыңғыс Мұқан Facebook желісіндегі парақшасында пікір білдірді. Оның айтуынша бұл – жылап отырып оқитын жазба, ұлттық мақтаныш сезімін кернейтін оқиға.

Бұл қазақтар сонау 30-40-жылдары өздері қырылып жатса да, Сталин қоныс аудартқан ұлттарды бауырына басқан ұлттың ұрпағы. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген гуманистік ұстаным қанына сіңген, сүйегіне біткен халықтың сойы. Тіпті күні кеше қашып келген ресейліктерге төрін тосты. Халқымыздың осындай ақ адал ниетіне берсін! Осыдан соң қазақтарыңды қалай жақсы көрмейсің?!,– дейді Шыңғыс Мұқан.

Қазақтардың кең пейіл ниеті мен қонақжайлығына риза болған украиналықтар да жазбаға пікір қалдырып, ризашылығын білдіріп жатыр.

Әйелім Астанаға сәуір айының соңында барады. Жекеме келген хаттарға сенбі күні жауап жазуға тырысамын. Осындай зор қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге шексіз алғыс айтамын! Жоғарыда украиналықтар жазғандай, осындай керемет халықтың біздің көршіміз емес екені өкінішті. Ешқандай ақша жинаудың қажеті жоқ. Біз отаға қажетті қаражатты жинап қойғанбыз.Ыстық тамақ беріп, жағдайын біліп тұрсаңыздар жетеді. Шын жүректен алғыс,– деп жазды дәрігер жігіт.