Жетісу облысы Суықсай ауылында ер адам әйелді күрекпен аяусыз ұрып-соққан. Жәбірленушінің денесінде сау орын қалмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бейнежазба әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда әйелдің денесіндегі соққының орындары анық көрінеді. Қолдары сынған, саусақтары тігілген, ал басында көптеген тігістер бар.Куәгерлердің айтуынша, оның денесінде жарақат алмаған жер қалмаған.
АУЫЛ ДӘРІГЕРІНЕ ШАБУЫЛ
Жетісу облысы полиция депортаментіндегі іс-материалдарына сәйкес, оқиға 3 наурыз күні күндіз Ақсу ауданы Суықсай ауылында болған. Мас күйдегі 49 жастағы ер адам ауылдық дәрігерлік амбулатория меңгерушісіне аулада шабуыл жасаған. Айта кету керек, жанжал әйелдің кәсіби қызметімен байланысты емес.
Деректер бойынша, ер адам жәбірленушінің кәмелетке толмаған балаларын балағаттаған. Әйел оған ескерту жасаған кезде, ол қар күрейтін күрекпен оған тап беріп, соның ішінде басына да бірнеше рет соққы жасаған.
Оқиға орнындағы балалар көмек сұрап айғайлағаннан кейін ауыл тұрғындары араша түсіп, шабылдаушыны тоқтатқан. Соған қарамастан ер адам агрессивті әрекетін жалғастырған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Жәбірленуші шұғыл түрде орталық аудандық ауруханаға жеткізіліп, хирургия бөліміне жатқызылған. Әйел ауыр жарақат алған және әлі күнге дейін ем қабылдап жатыр. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Жетісу облысы полиция депортаментіне хабарластық.
Полиция қызметкерлері денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеп-тексеру мүддесіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды,– дейді полиция депортаменті.
КОНТЕКСТ
Бұл Суықсай ауылындағы бірінші оқиға емес. Бұған дейін осы Суықсай ауылдық округіне қарасты Баласаз ауылында болған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірген еді. Айзат Жұманова күйеуінің қолынан аяусыз соққыға жығылып, қаза тапқан. Кейін сот күйеуі Айбар Жанболатты 14 жылға бас бостандығынан айырған болатын.