Түркістанда трактор Қызыл кітапқа енген қызғалдақ гүлін таптап жүр

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Түркістан облысында түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кадрлардан трактордың Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін Грейг қызғалдақтары өсіп тұрған алқапта жер жыртып жүргенін көруге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Желіде тараған видеода гүлдеп тұрған қызғалдақтардың ортасында жүрген трактор ғана емес, сол маңда суретке түсіп жүрген адамдар да байқалады.

Видео қысқа уақытта кең тарап, қолданушылар сирек кездесетін өсімдіктерге зиян келтіргені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Адамдарға гүл жұлуға болмайды, ал бұларға бола бере ме сонда? – деп жазды видео авторы.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Ордабасы ауданы әкімдігінің мәліметінше, видеодағы жер телімі жеке меншікке тиесілі. Бұл аумақта бидай егілгені айтылды.

Алайда қызғалдақтарды көруге келгендер егістік алқапқа өз бетінше кіріп, жерге және егінге зиян келтіру қаупін тудыруда. Осыған байланысты жер иесі құқық қорғау органдарына арызданды және өз жер теліміне апаратын жолды уақытша жауып тастады, – делінген әкімдік хабарламасында.

ПОЛИЦИЯ ПІКІРІ

Ал Түркістан облыстық Полиция департаменті видеоға қатысты пікір білдіріп, қызғалдақтарды жұлу дерегі тіркелмегенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған аумақта полиция қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған. Бұған дейін ескерту тақтайшалары орнатылған. Сонымен қатар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, келушілерге заң талаптары түсіндіріліп жатыр.

АЙЫППҰЛ

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызғалдақтарды жұлғаны үшін 13 миллион теңгеге дейін айыппұл қарастырылатыны хабарланған болатын. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне сәйкес, сирек кездесетін өсімдіктерді жұлуға ғана емес, оларды сақтауға, тасымалдауға және сатуға да тыйым салынған.