Парашютпен секірген: Ақтөбеде жас курсанттың өліміне кінәлі әскерилер сотталды

Қалижан Бектемір
Фото: Orda

Ақтөбеде оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 18 жастағы курсанттың ісі бойынша сот үкімі шықты. Қайғылы оқиғаға байланысты екі әскери қызметкер бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Тергеу деректеріне сүйенсек, оқиға 2025 жылдың 15 шілдесінде «Айбын» аэродромында болған. Секіру алдында майор Нұржан Айденов екінші курс курсанты Бақыт Асарбаевтың парашютін тексеріп, қолмен ашылатын жүйемен секіруге рұқсат берген. Алайда қолданыстағы талап бойынша мұндай таныстыру секірістері тек мәжбүрлі түрде ашылатын парашютпен орындалуы тиіс еді.

Осы өрескел бұзушылық салдарынан шамамен 800 метр биіктікте парашют жүйесі іске қосылмай, курсант жерге құлап, оқиға орнында көз жұмған.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕЙДІ

Істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарап, майор Нұржан Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлегенді қызметке салғырт қарау бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен Айденов 4 жыл 6 айға, ал Төлеген 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың талап арызын ішінара қанағаттандырып, Қорғаныс министрлігін марқұмның отбасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Қайғылы жағдай әскери дайындықтағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

ҚАЗА ТАПҚАН КУРСАНТ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Бақыт Асарбаев әскери отбасында тәрбиеленген – әкесі Астанадағы әскери бөлімдердің бірінде полковник қызметін атқарады. Марқұмның ағайындары да – әскерилер.
Тамыз айында Бақыт 19 жасқа толар еді.

КОНТЕКСТ

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.

Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен сарбаздардың өліміне әскер мен оның басшылығын кінәлі дейді. Сарбаздардың қазасына әлімжеттік себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде курсант оқыс жағдайда қаза тапқанын жазған болатынбыз.