Исламабадта өтетін келіссөздер қарсаңында АҚШ тарапынан Иранға қатысты ықтимал жеңілдіктер жөнінде түрлі сигналдар пайда бола бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Reuters агенттігінің мәліметінше, Вашингтон Қатар мен өзге де шетелдік банктерде бұғатталған ирандық активтерді босату мүмкіндігін қарастырып отыр. Басылым бұл ақпаратты аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды ирандық дереккөзге сілтеме жасап таратты.
Тегеран бұл қадамды алдағы келіссөздерде АҚШ-тың мәмілеге келуге дайын екенінің белгісі ретінде бағалап отыр. Әсіресе, Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болмақ.
Алайда АҚШ билігі бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Reuters келтірген тағы бір дереккөздің айтуынша, сөз шамамен 6 миллиард доллар көлеміндегі қаражат туралы болып отыр. Бұл қаржы 2023 жылы АҚШ пен Иран арасындағы тұтқын алмасу келісімі аясында Оңтүстік Кореядан Қатар банктеріне аударылған.
БҰЛ ҚАНДАЙ ҚАРАЖАТ?
Бұл қаражат Иранның Оңтүстік Кореяға мұнай экспортынан түскен табыс болған. Ол 2018 жылы АҚШ санкциялары қайта енгізілгеннен кейін бұғатталған еді. Кейін 2023 жылы Вашингтон бұл қаражатты тек гуманитарлық мақсаттарға — азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар сатып алуға пайдалану шартымен ішінара қолжетімді етуді қарастырған.
Дегенмен сол жылдың қазан айында Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскеннен кейін АҚШ бұл активтерге қолжетімділікті қайта шектегенін мәлімдеді.
Соңғы күндері Иранға жақын ақпарат көздерінде аталған қаражат жақын уақытта босатылуы мүмкін екені туралы хабар тарады. Тіпті кейбір деректерде Қатар мен Корея тараптары қаржыны аудару тетіктерін талқылап жатқаны айтылған.
Соған қарамастан, АҚШ-тың ресми өкілдері бұл ақпаратты растаған жоқ. CBS News-ке пікір білдірген америкалық шенеунік Вашингтон мұндай шешім қабылдамағанын жеткізді.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, өңірдегі шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеу мақсатында жаңа келіссөздер кезеңі басталғалы отыр. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты әскери әрекеттерді уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдесе, Тегеран екі апталық бітім шарттарын қабылдаған. Осы аяда тараптар арасындағы келіссөздер сенбі күні Исламабадта өтеді деп жоспарланған.