«Әлназарованы сотқа береміз» – депутат жүргізуші куәлігінен заңсыз айырылғандар жайлы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Елімізде жүргізушілердің ішімдік ішкен-ішпегені жөніндегі медициналық анықтаманы жоғары білімді дәрігер емес, медбикелер беріп жүр. Бұл туралы  Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БИЗНЕСКЕ АЙНАЛҒАН БАП

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда Әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша 300 мыңдай адам жүргізуші куәлігінен айырылған.

– Мұны да бизнеске айналдырып алған. Жүргізушіні ішімдік іштің деп аппаратқа үрлетеді де, 0,3 промилледен жоғары көрсеткіш тіркелгендердің бәрін куәліктен айырады. Қан тапсырам, ішімдік ішпегенімді дәлелдеймін десе, зертхана жоғын, маман жоғын алға тартады. Адамды 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру үшін дәрігердің қорытындысы керек. Өңірлерде мұндай құқықты орта білімді медбикелерге беріп қойған. Маман жетіспейді деп сылтауратады. Шындап келгенде бұл да сыбайлас жемқорлық жасаудың амалы, – дейді Әбенов.

КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

Мәжілісмен бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізіп, тиісті шешім қабылдау қажеттігін ескертіпті.

«Егер медбикелер бұдан кейін де жүргізушілерді 7 жылға көлік айдау құқығынан айыру туралы шешім қабылдайтын болса, бұйрық өзгермесе, біз денсаулық сақтау министрі Әлназарованы сотқа береміз», – деп мәлімдеді ол.

Мұрат Әбенов 0,3 промиллеге дейінгі көрсеткіш үшін куәлігінен айырылғандардың бәрінің көлік жұргізу құқығын қалпына келтіру керектігін айтады.