Иран АҚШ-тан әскери репарация талап етпек

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Иран АҚШ пен Израиль соққыларынан келген шығынды 270 миллиард долларға бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.

ИРАННЫҢ ТАЛАБЫ

Иран үкіметінің ресми өкілі Фатеме Мохаджерани Ресейдің мемлекеттік «РИА Новости» агенттігіне сұхбат берді. Онда ол АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан келген шығын жөнінде айтты.

– Алдын ала және әлі нақтылауды қажет ететін деректер қазіргі уақытқа дейінгі шығын көлемі 270 миллиард доллар шамасында екенін көрсетіп отыр, — деді ол.

Мохаджеранидің айтуынша, Иран АҚШ-тан әскери репарация талап ету мәселесін де қарастырады. Исламабад қаласында өткен екі жақтық келіссөздер кезінде осы мәселе көтерілген.

КОНТЕКСТ

12 сәуірде Исламабадтағы кездесуде АҚШ пен Иран келісімге келе алмаған. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Тегеран ядролық қаруға қатысты міндеттеме алғысы келмей отыр деп мәлімдесе, Иран тарапы АҚШ-ты шамадан тыс талап қойды деп кінәлаған.

– Біз бұған 21 сағат жұмсадық. Ирандықтармен бірнеше мазмұнды талқылау өткіздік, бұл – жақсы жаңалық. Ал жаман жаңалық – келісімге қол жеткізе алмадық. Менің ойымша, бұл АҚШ-тан гөрі Иран үшін әлдеқайда жағымсыз жаңалық, – деген Вэнс.

Келіссөздерден кейін Иран тарапы ядролық қаруға қатысты АҚШ талабы жөнінде тіс жарған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағай келіссөздер барысында Ормуз бұғазы, соғыс шығындарын өтеу және «Иранға қарсы соғысты толық тоқтату» сияқты ауқымды мәселелер көтерілгенін айтты.

Бағай әлеуметтік желідегі жазбасында келіссөздің табысы Вашингтонның «шектен тыс талаптар мен заңсыз сұраныстардан бас тартуына» және «Иранның заңды құқықтары мен мүдделерін»мойындауына байланысты екенін айтты.

АҚШ пен Израильдың Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталған. Әуе шабуылы кезінде елді 37 жыл үздіксіз басқарған аятолла Әли Хаманеи қаза тапқан. Тегеран қарымта ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен Израильді атқылаған. Оның ішінде Вашингтон одақтастарының азаматтық нысандарын да шабуылдаған.

Исламабадтағы келісімнің алдында АҚШ пен Иран атысты екі аптаға уақытша тоқтатуға келіскен. Екі ел арасында арағайын болып отырған Пәкістан алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.