Түркістандағы су тасқыны: 154 адам үйлерінен эвакуацияланды

Ulysmedia

Түркістан облысында су басқан аудандардан 154 адам эвакуацияланды. Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Ulysmedia.kz бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ашық дереккөз

Мәлім етілгендей, Түркістан облысында министрліктің республикалық жедел штабы ұйымдастырылды. 300-ден астам адам, 50-ден астам техника, 25 мотопомпа суды сорып шығару және ағызу жұмыстарына жұмылдырылды. Өңірге министр Юрий Ильин ұшып шықпақ.

«Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен су басқан аула аумақтарынан 154 адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған адамдар туыстарының үйлеріне кетті. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды.

Жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 бірлік көлемінде құм салынған қаптар төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Майдантал ауылында каналдарды өткізу арқылы суды бұру және ағызу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аула учаскелерін су басу қаупі сейілді. Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесін су басып қалды.

Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай» суару каналдарында су деңгейінің көтерілуі тіркелді. Қазіргі уақытта суды Арыс өзеніне ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Жауын-шашын тоқтады, бірақ су ағыны жалғасуда», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Тау беткейлерінен судың ағуы 3 ауданда тіркелді: Бәйдібек (Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік, Мыңбұлақ, Қосбұлақ), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Ораңғай, Майдантал, Шаға), Ордабасы (Шұбарсу, Бадам, Шұбар).

Қазір тасқын суы 17 елді мекенде көшелер мен үйлердің аулалары арқылы ағып жатыр. Алдын ала болжам бойынша су басқан жерлер: 1 жеке тұрғын үй, 15 көше, 201 аула аумағы (Бәйдібек - Ақбұлақ ауылы - 1 жеке тұрғын үй (су деңгейі 15 см), 7 көше және 77 аула аумағы, Ордабасы - 2 көше және 3 аула аумағы, Сауран - 6 көше және 121 аула аумағы) және Ордабасы ауданындағы мектеп аумағы (Исламқұлов атындағы мектеп).

Айта кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысында бірнеше елді мекенді су басып қалды. Өңірде жедел желі іске қосылды. Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті. Сондай-ақ осы ауданда 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Тасқын суы ағыны әлі келіп жатыр.