×
469.52
553.75
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.52
553.75
6.15

«Қыз Жібектің» камзолы: сарапшы мәдени мұраны заңсыз иемдену қаупі бар екенін мәлімдеді

«Қыз Жібектің» камзолы: сарапшы мәдени мұраны заңсыз иемдену қаупі бар екенін мәлімдеді
Коллаж: Ulysmedia.kz

«Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты жағдай жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшы Әсел Темірова пікір білдіріп, мәдени құндылықтарды қорғау саласындағы заңнама мен халықаралық нормалардың ықтимал бұзылуына назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оның айтуынша, бұл жағдайда басты назар эмоциялық пікірталасқа емес, заттың шығу тегі мен заңдылығына берілуі тиіс.

Құжаттардың жоқтығы – алаңдатарлық белгі, – деді ол.

Темірова бұйымның «еш жерде тіркелмегені» туралы уәж заңды иеленуді дәлелдемейтінін, керісінше, маңызды сұрақтар туындататынын айтады. Халықаралық тәжірибеде мұндай жағдай provenance gap – яғни заттың шығу тегі тарихындағы олқылық деп аталады. Дәл осы критерийлер арқылы INTERPOL мен UNESCO заңсыз иемденілген мәдени құндылықтарды қадағалайды.

«Ешкімге керек болмаған» деген уәж аргумент емес, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мемлекет мүлікті тиісті деңгейде сақтамаған болса да, бұл оның жеке тұлғаларға өтуіне немесе иемденілуіне құқық бермейді.

Бұл мүлік құқығының базалық қағидасы. Қараусыз қалу оны жекешелендіру дегенді білдірмейді, – дейді Темірова.

Ол Қазақстан ЮНЕСКО-ның 1970 жылғы Конвенциясына қатысушы екенін еске салып, оған сәйкес мемлекеттік мекемелерде жасалған және мәдени құндылығы бар объектілер ұлттық мұра ретінде қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК

Темірованың пікірінше, стандартты тексеру рәсімі қажет:

  • Мәдениет министрлігі заттың шығу тегі бойынша ресми сұрау жолдауы тиіс;
  • «Қазақфильм» соңғы онжылдықтардағы архивтер мен есептен шығару актілеріне аудит жүргізуі керек;
  • қазіргі иеленуші заттың заңды түрде алынғанын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Егер мұндай құжаттар болмаса, бұйым тексеру аяқталғанға дейін мемлекет қарауына алынуы тиіс.

БАЯН АЛАГӨЗОВАНЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

Сарапшының пікірінше, адал ниет болған жағдайда иеленуші бұл мәселе қоғамда талқыланғанға дейін-ақ Мәдениет министрлігіне өзі жүгінуі керек еді. Сол кезде артефактіні мемлекетке тапсыру және оны сақтау ісіне қатысу мүмкін болар еді.

ЖАҢА ФАКТОР: ЫҚТИМАЛ ИЕМДЕНУ

Видеоүндеуді талдағаннан кейін Темірова қосымша мән-жайға назар аударды: камзолды берген әйел бұрын «Қазақфильм» мемлекеттік мекемесінің қоймасында жұмыс істеген.

Мемлекеттік мекеме қызметкері, тіпті ол зат «ешкімге қажет болмаса да», мемлекеттік мүлікті алып кетуге құқығы жоқ. Бұл растрата немесе мемлекеттік мүлікті иемдену ретінде саралануы мүмкін, – деді ол.

Осыған байланысты ол тексеруге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті тарту қажет деп санайды.

БАҚ-ТЫҢ РӨЛІ

Темірова журналистік зерттеудің маңызын да ерекше атап өтті:

Дамыған мұраны қорғау жүйесі бар елдерде дәл БАҚ қоғамдық бақылаудың алғашқы және кейде жалғыз құралы.

Оның айтуынша, ақпарат құралдарындағы жарияланымдар болмаса, бұл мәселе назардан тыс қалуы мүмкін еді.

МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының қорында «Қыз Жібек» фильмінен қалған түпнұсқа камзолдың біреуі ғана сақталған.

Аталған экспонат ұлттық кино мұрасының маңызды бөлігі ретінде ерекше қорғауға алынған. Ал продюсер жариялаған екінші камзолдың қалайша жеке қолға өткеніне қатысты мәселе қазіргі уақытта анықталып жатыр, – деп хабарлады министрлік.

Қазір мамандар екінші камзолдың қайдан шыққанын тексеріп жатыр.

«Қазақфильм» киностудиясы құнды реквизиттер мен костюмдерді жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар студия жанынан отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылатын ауқымды музей ашу жоспарланып отыр, – деп толықтырды Мәдениет және ақпарат министрлігі.

КОНТЕКСТ

Еске сала кетейік, «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі камзол Қазақстандық олигарх Тұрсын Алагөзовтің жұбайы Баян Алагөзованың қолына түскені белгілі болды. Ол бұйымды Instagram парақшасында көрсетіп, оны сыйлық ретінде алғанын айтқан.

Дәл осындай қызғылт камзолды фильмде Жібек рөлін сомдаған актриса Меруерт Өтекешева киген болатын. Жарияланым қоғамда үлкен сын тудырды.

Осыдан кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» қорында камзолдың тек бір түпнұсқасы сақталғанын, ол ұлттық кино мұрасының маңызды бөлігі ретінде қорғалып тұрғанын хабарлады. Ведомство екінші камзолдың жеке адамдар қолына қалай түскенін анықтап жатқанын да мәлімдеді.

Кейін Баян Алагузова да жағдайға пікір білдіріп, бұл заттың ресми статусы жоқ екенін, ешбір реестрде тіркелмегенін және бұрыннан жеке иеленушіде сақталып келгенін айтқан.

Бұған дейін журналист Гүлбану Әбенова да желіде қызу талқыланған қамзол дауына қатысты пікір білдірген еді. 

 

 

 

Серіктес жаңалықтары