Тоқаевтың Анталиядағы мәлімдемесі нені аңғартты

Самал Ибраева
Коллаж: Ulysmedia.kz/Фото: Ақорда

«Дипломатия әдетте астарлы тілмен сөйлейді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анталиядағы сөзі мұндай қалыптан бөлек болды: бұл жолы Қазақстан Президенті жаһандық жүйеге ашық әрі салқынқанды диагноз» қойды.

БҰҰ жүйесінде ұзақ жыл қызмет еткен тәжірибелі дипломат ретінде ол халықаралық институттардың неге тиімсіз бола бастағанын нақты әрі кей тұста қатаң бағалады.

Егер ресмилікті шетке ысыратын болсақ, негізгі ойлар төмендегідей.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ – ІЛГЕРІЛЕУДІ ТЕЖЕЙТІН «ТЫҒЫН»

Тоқаевтың ең өткір мәлімдемесі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қатысты болды. Оның пікірінше, бұл құрылым бейбітшіліктің кепілі емес, керісінше жаһандық процестерді тежейтін факторға айналған.

Президент Қауіпсіздік кеңесін қақтығыстарды шешетін емес, кей жағдайда олардың туындауына ықпал ететін орган ретінде сипаттады. Бейбітшілік орнату тетіктері «істен шыққан», ал БҰҰ-ның өзі уақыт талабына сай келмейтін, «ескірген» құрылым ретінде бағаланды.

Ондаған жылдарға созылған реформалар туралы әңгімелерге қарамастан, нақты келіссөздер БҰҰ алаңынан тыс – жекелеген елдердің жабық форматтағы кездесулеріне ауысып барады. Бұл 80 жыл бұрын құрылған жүйенің біртіндеп шетке ысырылып жатқанын көрсетеді.

«ОРТА ДЕРЖАВАЛАР» ДӘУІРІ: АМБИЦИЯНЫҢ ОРНЫНА ЖАУАПКЕРШІЛІК

Ірі державалардың әрекетсіздігі аясында Тоқаев «орта державалардың» күшеюі» туралы жаңа трендті атап өтті

Қазақстан мен Түркия сияқты елдер, Президенттің пікірінше, халықаралық аренада әлдеқайда жауапкершілікпен әрекет етіп отыр. Ал Қауіпсіздік кеңесіндегі алпауыт мемлекеттер тиімді шешім қабылдауда дәрменсіз көрінеді.

Бұл – әлемдік саясаттағы рөлдердің қайта бөлініп жатқанын аңғартатын белгі.

АСТАНА – АНКАРА СЕРІКТЕСТІГІ: ЖАҢА ЫҚПАЛ ОРТАЛЫҒЫ

Тоқаев Түркияның және Режеп Тайып Ердоғанның рөліне ерекше тоқталды. Оның пайымынша, Астана мен Анкара арасындағы серіктестік – жаһандық институттар әлсіздік танытқан тұста аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын нақты күш.

Бұл тандем тек саяси символ емес, нақты әрекетке қабілетті геосаяси ось ретінде қарастырылады.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӨЛЕҢКЕСІНДЕГІ ДИПЛОМАТИЯ

Президент сөзіндегі ең алаңдатарлық тұстардың бірі – жасанды интеллект тақырыбы болды.

Тоқаев халықаралық ұйымдардың ІІ дәуірінде өмір сүру қабілетіне күмән келтіріп, биліктің шектен тыс шоғырлануына назар аударды. Оның айтуынша, әлемнің болашағы бүгінде санаулы ғана адамдардың қолында болуы мүмкін, өйткені олар жасанды интеллект жүйелерін басқарады.

Мұндай жағдайда көпжақты институттар формалды құрылымға айналып, нақты ықпалынан айырылуы ықтимал.

Сондай-ақ Президент мазмұнсыз конференциялар мен декларативті мәлімдемелер дәуірін аяқтауға шақырды.

ПРЕВЕНТИВТІ ДИПЛОМАТИЯ  ДА МИФ

Соңғы онжылдықтарда жиі айтылған «превентивті дипломатия» ұғымы да Тоқаевтың сынына ілікті.

Оның айтуынша, 30 жыл бойы бұл бағытта нақты нәтиже болған жоқ — тек әдемі сөздер айтылып, ал қақтығыстар саны арта түскен.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҰСТАМДЫЛЫҚ – ЖАҢА ТАЛАП

Президент қазіргі жағдайда басты басымдықтарды нақты айқындау қажеттігін айтты. Мысал ретінде Иран мәселесін келтіріп, назарды ядролық технологияларға аудару керектігін атап өтті.

Ал жаһандық сауда, түрлі дағдарыстарға қарамастан, өсімін жалғастырып отыр. Сондықтан ресурстарды шашыратпай, стратегиялық тұрғыда ойлау маңызды.

НАЗАР АУДАРАТЫН ЖАЙТТАР

  1. Риториканың өзгеруі

Тоқаев өзін тек жүйе қатысушысы ретінде емес, оны ашық сынға алатын саясаткер ретінде көрсетті. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы жаңа, белсенді рөліне ишара.

  1. Ердоғанның алдағы сапары

Түркия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары күтілуде. Бұл Астана–Анкара бағытының нақты мазмұнмен толығуына ықпал етуі мүмкін.

  1. БҰҰ басшылығы емес, жүйенің тағдыры маңызды

Келесі Бас хатшының кім болатыны екінші кезектегі мәселе. Негізгі сұрақ – БҰҰ қазіргі форматта өмір сүре ала ма, әлде символдық құрылымға айнала ма.

ҚОРЫТЫНДЫ ПАЙЫМ

Әлем күрделене түсті. Тоқаев ұсынған модель – прагматизмге сүйену, «орта державалардың» жауапкершілігін арттыру және ескірген жаһандық институттарды түбегейлі жаңарту.

Сонымен қатар, бұл мәлімдемеден кейін түрлі болжамдар пайда болды. Алайда Президент бірнеше рет 2029 жылға дейін қызметінде қалатынын ашық айтқан және басқа ұсыныстардан бас тартқанын мәлімдеген.

Сондықтан Анталиядағы сөзді саяси мәлімдемеден гөрі тәжірибелі дипломаттың кәсіби бағасы ретінде қабылдаған жөн.

Ал осыған қатысты алыпқашпа әңгімелер мен қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеттері орынсыз көрінеді.