Бүгін – Ұлттық кітап күні. Бұл дата биыл екінші жыл қатарынан ресми түрде аталып өтуде. Қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді. Бірі кітапты өмірлік сырлас санаса, енді бірі оны өзін дамытудың даңғыл жолы ретінде қабылдайды.
Ulysmedia.kz атаулы мерекеге орай, кітап оқуды қазақ қоғамына насихаттап жүрген инфлюенсерлерге шолу жасап көрді. Олардың аудиториясы кімдер? Кітап оқуды трендтке айналдырған ба?
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде кітап туралы контент жасаушылар көбейді. Instagram, TikTok, YouTube платформаларында кітап талдайтын, шолу жасайтын қазақтілді блогерлердің аудиториясы да біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл – оқырман мәдениетінің жаңа кезеңге өткенінің белгісі.
ОҚЫРМАНДАР ОЙЫН ЖАЗУШЫЛАР ДА БАҒАЛАЙДЫ
Перизат Мырзахмет – әлеуметтік желіде кітап оқуды насихаттап жүрген белсенді блогерлердің бірі. Instagram парақшасында 68 мыңнан астам оқырманы бар. Ол өз платформасында оқыған кітаптарына шолу жасап, жаңа шыққан туындыларды аудиториясына ұсынып отырады. Әсіресе, қазақ классиктерінің шығармаларын көпшілік байқай бермейтін қырынан талдап, олардың бүгінгі қоғаммен байланысын көрсетуге тырысады.
Перизаттың контенті қысқа, бірақ мазмұнды видеоформатта ұсынылады. Оның кейбір бейнежазбалары 150-170 мың қаралым жинап, кітапқа деген қызығушылықты арттырып жүргенін көрсетеді. Бұл – қазіргі оқырманның ұзақ мәтіннен гөрі визуалды әрі жылдам контентті қабылдайтынын дәлелдейді.
Блогер тек шолу жасаумен шектелмейді. Ол – сценарист, жазушы ретінде де танылған тұлға. Оның «Өмірдің аты М» атты кітабы жарық көріп, қысқа уақыт ішінде сұранысқа ие болған. Сарапшылар мұны автордың әлеуметтік желідегі танымалдығымен байланыстырады .
Сонымен қатар, Перизат әдеби ортадан да тыс қалмаған. Мәселен, белгілі жазушы Дулат Исабеков оның подкасттағы ойларын көріп, арнайы кездесуге шақырғаны белгілі. Бұл оның әдебиетке қатысты пікірлері кәсіби ортада да назар аудартқанын аңғартады
ӘЗІЛ АРҚЫЛЫ КЛАССИКАНЫ ЖЕТКІЗЕДІ
Хамит Ердехан – кітап оқуды жаңа форматта насихаттап жүрген заманауи контент жасаушылардың бірі. Ол көпшілікке алғаш «Жайдарман» ойындары арқылы танылған. Кейін бұл танымалдығын әлеуметтік желіде тиімді пайдаланып, кітап тақырыбын жеңіл әрі қызықты форматта жеткізетін блогерге айналды.
Бүгінде оның Instagram парақшасында 185 мыңнан астам оқырманы бар. Хамиттің басты ерекшелігі – кітапты академиялық не «ауыр» тілмен емес, қарапайым, әзіл аралас стильде түсіндіруі. Ол әр шығарманы тек мазмұндап бермейді, оны жеке тәжірибесімен байланыстырып, бүгінгі қоғаммен сабақтастырып жеткізеді. Сол арқылы оқырманға «кітап – өмірден бөлек дүние емес» деген ой ұсынады.
Хамиттың негізгі жобаларының бірі – YouTube-тағы «Кітапхан» подкасты. Бұл подкастта ол бірнеше қонақпен бірге отырып, оқыған кітаптарын талқылайды. Еркін форматтағы әңгіме барысында әдебиетке қатысты түрлі көзқарастар айтылып, күрделі тақырыптар жеңіл қабылданатын деңгейде түсіндіріледі. Подкастың тағы бір ерекшелігі – аудитория өзін сол ортада отырғандай сезінеді, яғни контент «ресми лекциядан» гөрі достар арасындағы әңгімеге ұқсайды.
Сонымен қатар, Хамит оқыған кітаптардан үзінділер мен өлеңдерді ерекше мәнерде жеткізуімен де танымал. Оның осы форматтағы қысқа видеолары TikTok пен Instagram желілерінде кең таралып, үнемі трендте жүреді.
ЖАЙ ҒАНА ФИЛОЛОГ ЕМЕС
Арын Құнанбайұлы– әлеуметтік желіде кітап оқуды жүйелі түрде насихаттап жүрген жас буын өкілдерінің бірі. Ол өзін тек филолог ретінде ғана емес, әдебиетті заманауи аудиторияға түсіндіре алатын контент жасаушы ретінде танытып келеді.
Instagram парақшасында 31 мыңнан астам оқырманы бар Арын «кітапты тек “ерекше адамдар” ғана оқиды» деген стереотипті жоққа шығаруға тырысады. Керісінше, ол кітапты кез келген адамға қолжетімді, өмірлік құрал ретінде көрсетеді. Блогердің басты ұстанымы – әдебиетті күрделендірмей, қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу.
Арынның бейнежазбалары қысқа, бірақ мазмұнға бай. Ол әр видеосында кітаптың негізгі идеясын тарқатып қана қоймай, оның қазіргі қоғамдағы маңызын түсіндіреді. Сонымен қатар, үздік деп санаған кітаптарға шолу жасап, оқырманға бағыт-бағдар береді. Бұл – әсіресе кітап таңдауда қиналатын жастар үшін пайдалы формат.
Филологтың аудиториясының басым бөлігі – зумерлер. Сондықтан оның контенті де сол буынның қабылдау ерекшеліктеріне бейімделген: жылдам, нақты және визуалды. Осы арқылы Арын кітап оқуды «ескі әдет» емес, қазіргі трендке айналдыруға ықпал етіп жүр.
ОҚЫРМАНДАР КЛУБЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР
Танымалдылыққа ие емес, бірақ кітап оқуды жүйелі түрде насихаттайтындардың бірі – Назым Сапар. Ол декреттік демалыста отырса да, кітап оқитын клуб ашып, почта арқылы оқырмандарына кітап сыйлап отыруды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, ерінбей оқыған әр кітабына рецензия жазып жариялап, видео түсіреді. Instagram парақшасында 2 мыңнан астап оқырманы бар.
Соңғы жылдары Астана мен Алматыда оқырмандар клубы да көбейіп келеді. Мысалы, елордадағы «Ой Орда» атты оқырмандар клубы апта сайын жиналып, жаңа кітаптарды талқылайды. Қатысушылардың басым бөлігі – жастар. Былтыр олар краудфандинг арқылы халықтан қаражат жинап, өз кофеханаларын да ашқан. Instagram парақшасына жазылушылар саны 4 мыңға жуық.
Ал алматылық Kitap al ұжымының басты ұраны – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру. Әлеуметтік желіде 230 мың оқырманы бар бұл ұжым кітап насихаттаумен ғана емес, оны сатумен де айналысады.