Кене маусымы басталды: маман сақтану жолдарын түсіндірді

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Кене маусымы көктемде басталады. Күн жылынған сайын кенелердің саны мен белсенділігі артып, мамыр-маусым айларында шарықтау шегіне жетеді. Ыстық пен құрғақшылық күшейген кезеңде олардың белсенділігі төмендеп, тамыздың соңы мен қыркүйектің басында қайта байқалады. Қазан айында кене белсенділігі біртіндеп тоқтайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАМАН НЕ ДЕЙДІ?

Бүгін ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасындағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Гүлнар Тұрдынова кенеден қорғану жолдарын түсіндіріп, бірқатар маңызды медициналық кеңес берді.

Маманның айтуынша, кене шаққан кезде (трансмиссивті жолмен) адамға кене энцефалиті, боррелиоз (Лайм ауруы), туляремия және басқа да жұқпалы аурулар берілуі мүмкін. Бұл инфекциялар терідегі ұсақ жарақаттар мен шырышты қабаттар арқылы ағзаға енеді.

Кене энцефалиті кезінде ағза уланып, жүйке жүйесі зақымданады. Бұл – вирустық ауру. Оның негізгі белгілеріне шаққан жердің қызаруы (гиперемия), әлсіздік, бас ауруы, жүрек айну, құсу, тәбеттің төмендеуі және дене қызуының көтерілуі жатады. Ауру асқынған жағдайда ми қабықшасы қабынып, менингит дамуы мүмкін. Ауыр түрлерінде ми мен жұлын, сондай-ақ жүйке тамырлары зақымданып, сал ауруына, мүгедектікке, тіпті 2–5% жағдайда өлімге әкелуі ықтимал, – деді дәрігер.

МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕГЕ ЖҮГІНУ ҚАЖЕТ

Дәрігер кенеден сақтану үшін ылғалды, көлеңкелі жерлерден аулақ болуға, тікелей шөпке отырмауға, жағасы бар, жеңі ұзын жабық киім киюге және кенені үркітетін арнайы құралдарды қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ еліміздің эндемиялық аймақтарының тұрғындары мен табиғатқа жиі шығатын азаматтарға тіркелген емханаларында кене энцефалитіне қарсы екпе алуды ұсынады.

Егер кене шағып алған жағдайда, дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет. Ондай мүмкіндік болмаса, кенені тұмсығын жұлып алмай, абайлап өз бетіңізше алып тастаған жөн. Ол үшін кенеге бір тамшы май тамызып, пинцет немесе жіптің көмегімен жайлап бұрап шығару керек. Егер тұмсығы теріде қалып қойса, оны тікен алғандай мұқият алып тастап, жара орнын дезинфекциялық құралмен өңдеп, қолды жақсылап жуу қажет. Кейін кенені жабық, дымқыл мақтасы бар шыны ыдысқа салып, мүмкіндігінше тез арада зертханаға жеткізу керек, – деп кеңес берді Гүлнар Қалимұратқызы.

Мамандардың айтуынша, кене неғұрлым ерте алынса, инфекция жұқтыру қаупі соғұрлым төмен болады. Сонымен қатар кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шаққаннан кейін 96 сағаттан кешіктірмей енгізу аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін дәрігер Ақбота Сейтмағұлова иммунитетті қатайтуға көмектесетін кеңестерін ұсынған болатын.