Қазақстанның Туризм және спорт министрі ойын бизнесіне қатысты қағидаларға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Талаптар қай өңірлерге қатысты?
Жаңа нормаға сәйкес, бірқатар өңірлердегі казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализатор кассаларына тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар ғана кіре алады. Сондай-ақ бұл шектеу ойын мекемесінде қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкерлерге қолданылмайды.
Аталған талаптар мына аймақтардағы ойын орындарына қатысты:
Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауы;
Жетісу облысында Панфилов ауданы және Алакөл жағалауы;
Алматы облысында Талғар ауданы;
Шығыс Қазақстан облысында Марқакөл маңы мен Зайсан ауданы.
Ереже қашан күшіне енеді?
Бұйрық 17 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрлік бұл түзетулер «Ойын бизнесі туралы» заң талаптарына сәйкестендіру үшін қабылданғанын атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда тек шетелдіктерге арналған жаңа ойын орындары ашылатыны хабарланған еді.