Kaz Minerals шахтасындағы жұмысшы өлімі: қылмыстық іс қозғалды

Ulysmedia
фото: dzen.ru

Абай облысында Kaz Minerals шахтасында жұмысшының қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Еске сала кетейік, 27 сәуірде Бородулиха ауданындағы Орлов өндірістік кешенінде тау жынысы опырылып, екі жұмысшы үйінді астында қалған.

Оқиға орнында олардың бірі қаза тауып, екіншісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Полиция бұл оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазір болған жағдайдың барлық себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Бұдан бұрын компания өкілдері оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеген. Сондай-ақ апат орнына басшылық бара жатқаны хабарланды.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ АПАТ

Мұндай оқиғалар Kaz Minerals нысандарында бұған дейін де тіркелген. 19 наурызда компанияға тиесілі Орлов шахтасында бір жұмысшы қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған.

КӘСІПОРЫН ЖАЙЛЫ

Kaz Minerals 2014 жылы Kazakhmys компаниясының бөлінуі нәтижесінде құрылған. Forbes журналының 2023 жылғы дерегіне сәйкес, кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі жекеменшік компанияға айналған.

Холдинг құрамына Бозшакөл мен Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстан аумағындағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші, сондай-ақ Россиядағы Баимск кен орны кіреді.

Компанияның қаржылық көрсеткіштері де жоғары деңгейде: жылдық кірісі 1,63 трлн теңгені, ал таза пайдасы 341,8 млрд теңгені құрайды.