Берлинде Ресей үшін тыңшылық етті деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Германияның құқық қорғау органдары оған тыңшылық жасады және ықтимал диверсияларға дайындалды деген айып тағып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУ ДЕРЕКТЕРІ

Deutsche Welle дерегінше, әңгіме Германияның қорғаныс инфрақұрылымына қатысты мәліметтерді беруге байланысты. 

ARD мен SWR хабарлауынша, 47 жастағы ер адам 28 сәуірде қолға түскен. Ол бір тәулік ішінде сотқа жеткізіліп, онда бұлтартпау шарасы таңдалады.

DW-дің жазуынша, прокуратура нұсқасы бойынша, ол кемінде 2025 жылдың мамырынан бері Германияның қорғаныс өнеркәсібіне қатысты деректерді Ресейдің арнайы қызметтеріне бере бастаған. Атап айтқанда, Берлиндегі үкімет ғимараттарының фотосуреттері, автомагистральдардағы әскери колонналардың қозғалысы және саясаткерлердің қызметтік көліктері туралы мәліметтерді берген.

Тергеу күдіктінің ақпаратты тіркеу үшін смартфон пайдаланғанын, кейін материалдарды Ресей арнайы қызметтерімен байланысы бар тұлғаға жолдағанын айтады. Сонымен қатар түсірілген деректердің едәуір бөлігі ашық көздерде болған немесе жұртқа көрінетін нысандарға қатысты екені атап өтіледі.

Соған қарамастан, заң тұрғысынан бұл жауапкершіліктен босатпайды. Іс материалдарында НАТО-ға мүше елдің әскери көлігі туралы мәлімет жинау қарастырылып отырғаны, бұл істің маңызын арттыра түсетіні көрсетілген.

«БӘРІНЕ ДАЙЫНМЫН»

Тергеуді алаңдатып отырған тағы бір жайт бар. Олардың мәліметінше, ер адам ықтимал диверсия жасалуы мүмкін орындар туралы дерек жинаған, сондай-ақ Германияда мұндай әрекеттерді жүзеге асыру үшін адамдарды тартуды ұсынған. Құжаттарда оның байланыс жасаған адамына «бәріне дайынмын» деп хабарлағаны айтылған.

Тергеушілер ұсталған адамның телефонын да тексеріп, жиналған мәліметтің көлемі едәуір екенін анықтаған. Олардың бағалауынша, бұл әрекеттердің жүйелі сипатта болғанын меңзейді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Сот күдіктінің алдағы мәртебесін айқындайды, ал құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын және ықтимал байланыстарын анықтауы тиіс.