Астанада стоматологияға тісін емдетемін деп барған жігіт қайтыс болды

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Астана қаласында «Tem Dent» стоматологиясына тісін емдетуге келген ер адам қайтыс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Бұл туралы treads әлеуметтік желісінде Әсел Айжанова есімді қолданушы жазды. Оның сөзінше, Астана қаласы Кенесары көшесі, 65 мекен жайында орналасқан «Tem Dent» стоматологиясында Есболған Мұрат Жеңісханұлы қайтыс болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, стоматолог науқасқа аллергиялық сынама жасамай дәрі енгізген. Инъекциядан кейін Мұраттың денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан, оған препарат қайтадан салынған. Осыдан кейін Мұрат көз жұмған.

Сондай-ақ, екпені аллергосынама жасамай практикант салғаны, ал стоматолог жағдайды тиісті деңгейде бақыламағаны айтылуда.

Оқиға орнында 1993 жылы туған медбике болғаны да хабарланды.

ПОЛИЦИЯ ПІКІРІ

Астана қалалық Полиция департаменті елорда тұрғынының стоматологиялық орталықта қайтыс болғанын растап, ресми тергеу амалдарын бастады.

 20 жастағы қала тұрғынының өліміне байланысты Астана қалалық ПД сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта кешенді тергеу іс-шаралары тағайындалды, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданатын болады, — деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі. 

Қылмыстық іс аясында дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.