Мұнай бағасы құлдырай бастады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Сәрсенбіде мұнай бағасы қатарынан екінші күн төмендеді. Сарапшылар бұған Таяу Шығыстағы негізгі өңірлерден жеткізілім қайта жандануы мүмкін деген болжам әсер еткенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАҒАНЫҢ ҚҰБЫЛУЫ

Reuters-тің жазуынша, шілдеде жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,52 долларға (1,38%) арзандап, барреліне 108,35 доллар болды. Бұған дейінгі саудада баға 4%-ға төмендеген еді.

Ал маусымға жоспарланған америкалық WTI мұнайының құны 1,50 долларға (1,47%) түсіп, барреліне 100,77 доллар деңгейіне жетті. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 3,9%-ға кеміген.

ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп күтпеген мәлімдеме жасап, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді сүйемелдеу операциясы уақытша тоқтатылатынын айтты. Оның айтуынша, бұл шешім Иранмен жан-жақты келісімге келу бағытында ілгерілеу бар екеніне байланысты қабылданған.

Тегеран бұл мәлімдемеге бірден жауап қатқан жоқ. Соған қарамастан, Трамп АҚШ әскери-теңіз күштері Иран порттарына қатысты шектеулерді жалғастыра беретінін жеткізді.

Бұған дейін әлемдік нарықтағы жеткізілімнің азаюы бағаның өсуіне ықпал еткен болатын. Өткен аптада Brent мұнайы 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғары деңгейге дейін көтерілді.

«Біз блокаданы күшінде қалдыра отырып, “Бостандық” жобасын қысқа мерзімге тоқтата тұруға келістік. Осы уақыт ішінде келісімді толық аяқтап, қол қою мүмкіндігін қарастырамыз», — деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.

АҚШ-ТАҒЫ ШИКІЗАТ ТАПШЫЛЫҒЫ

АҚШ-та мұнай қоры үшінші апта қатарынан азайып отыр. Сонымен бірге жанармай қоры да қысқарған. Бұл туралы нарықтағы дереккөздер Америкалық мұнай институтының мәліметіне сүйеніп хабарлады.

Олардың дерегінше, 1 мамырмен аяқталған аптада шикі мұнай қоры 8,1 млн баррельге азайған. Бензин қоры 6,1 млн баррельге, ал дистилляттар 4,6 млн баррельге кеміген.